Бүгін Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Шымкент өңірлері бойынша байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов ауданға келді. Шалғай ауылдардағы байланыс желілерін жақсарту мақсатында арнайы шақыртуымен келген Ержан Дәулетұлымен кездескен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендердегі байланыс желілерінің нашарлығын айтып өтті.
– Бүгінгі күні Шәкен, Шилі, Сарбұлақ және т.б елді мекендерде, сондай-ақ, ауданның кейбір тұстарында байланыс өте нашар. Сондықтан да Өзіңізді ауданға арнайы шақырып отырмыз. Кемшіліктермен жұмыс жасап, барлық мүмкіндікті пайдаланып, ауыл халқының жылдам байланысқа қол жеткізуіне жағдай жасауымыз керек, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң сөз алған Ержан Дәулетұлы:
– Бүгін қасиетті Қазалы топырағына табанымыз тиіп отыр. Мақсатымыз – елді мекендердің байланысқа мұқтаждығын шешу. Сәтін салса, ауданға қарасты шалғай ауылдарға ат басын бұрамыз. Ауылдағы байланыс, сондағы мектептердің интернет желілері қалай болып тұрғанынан хабар алып, жаңа оқу жылында дайындығын пысықтаймыз. Яғни, барлығын зерделеп, зерттеп, кемшіліктер болса соған сәйкес жұмыс жасайтын боламыз, – деді ол.
Басқосуға “Қазақтелеком” АҚ аудандық телекоммуникация торабы мен “Транстелеком” АҚ-ның аудандық филиалы, “Activ”, “Beeline”, “Altel” және “Kcell” АҚ операторлары қатысып, арнайы мамандармен бірлесіп жұмыс жасау қажет екені айтылды. Сонымен қатар, түрлі ұсыныстар қозғалып, жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында Мұхтар Әуесұлы байланыс инспекциясының өңіраралық басшысына алғыс айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мамандар алдағы күндері Қарақұм беткейдегі елді мекендерге және Майлыбас, Қ.Пірімов ауылдарына арнайы барып, байланыс желілерді жақсарту мақсатында тиісті шараларды жүргізетін болады.