2023 жылдың 07-09 маусым аралығында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінен құралған мониторингтік топпен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарындағы құрылыс нысандарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуін бақылау негізінде жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындысын талқылау мақсатында бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлының төрағалығымен отырыс өтті.
Аталған отырысқа «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Н.Байқадамов, облыстық мәслихат депутаттары, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Сандыбаев, партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Н.Бақытбекұлы, Ж.Ысқақ, тапсырыс берушілер, қала, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, нысандарды салып жатқан мердігер мекемелер мен техникалық қадағалаушылар қатысты.
Әрбір құрылыс нысаны бойынша қазіргі таңдағы мәселесі жеке-жеке қаралды. Облыс әкімінің орынбасары жобаларды іске асыруға міндеттеме алып, бірақ оларды орындамаған мердігер ұйымдардың өкілдерін тыңдады.
Өз кезегінде партия филиалының төрағасы Н.Байқадамов құрылыс мерзімі өтіп кеткен және кешіктіріліп жатқан бірнеше нысандардағы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.
Атап айтсақ, құрылыс компанияларының салғырттығы, жауапсыздығы салдарынан бірқатар нысан дер уақытында салынбай, белгілі бір мерзімде пайдалануға беріледі деп жоспарланғанымен, кестеден кешіктірілуде. Сондай-ақ, бітуге жақын қалған құрылыстарда кемшіліктер бар. Бөлінген қаржының мақсатты игерілуі мен құрылыстың сапалы және мерзімінде аяқталуы – басты мақсат. Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов проблемалық нысандардың жұмысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұрғандығын жеткізіп, құрылысы ұзаққа созылып кеткен әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру туралы тиісті мекемелерге тапсырма берді. Сонымен бірге, құрылыстың сапасыз салынып жатқан біле тұра, өз өкілеттігін немқұрайлы атқаратын тапсырыс берушілерге ескерту жасап, құрылыс нысандарына жауапты мекемелерге 1 ай мерзімнің ішінде оң өзгеріс байқалмаған жағдайда, тиісті шара қолданылатындығы жөнінде айтты.
Жиын соңында, техникалық қадағалаушылар мен мердігер мекемелер тарапынан да ұсыныстар айтылып, өзара ой-пікір алмасты. Аталған құрылыс нысандарының барлығы алдағы уақытта «AMANAT» партиясының бақылауында болады.