Кәсіпкерлерге 83 түрлі қызмет  көрсететін «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелеріне арналған семинар өтті.

Семинарды мекеме басшысы Б. Аймағанбетов ашып, кәсіпкерліктің барлық саласын дамытуға байланысты мемлекеттік және басқа да қызмет түрлерін көрсететінін атап өтті.
Жиын барысында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Л. Есімова кәсіпкерлік саласына қатысты «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді таныстырып, «Көрнекі ақпарат және заң» тақырыбында әзірленген бейнероликті қатысушылар назарына ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірлерін сауатты әрі сапалы мемлекеттік тілге аудару, ас атауларына ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізу және көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып жатқан жобаларға тоқталды.
«Ас мәзіріне қатысты жоба аясында 18 бағыттан тұратын анықтамалықтар әзірленіп, жинақ шығарылады және ол кәсіпкерлерге таратылып, электронды нұсқасы әлеуметтік желілерге жарияланады.
Көрнекі ақпаратқа байланысты «Körneki» жобасы аясында Қызылорда қаласының орталығындағы 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, тіл туралы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде» деді Л. Есімова.
Сонымен қатар ұжым мүшелеріне қызмет түрлерін алуға келген кәсіпкерлерге «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу міндеттелгенін, қажет болған жағдайда ғана басқа тілдерді қолдануға болатындығын түсіндіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ әрбір кәсіпкер тұтынушының сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті екендігі, қажеттілігіне қарай мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарын ұйымдастыруға болатындығын жеткізді.
Л. Есімова өз хабарламасын Мемлекет басшысының Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Біз мемлекеттік тілді күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті» деген сөзімен аяқтап, ұжым мүшелерін кәсіпкерлер арасында мемлекеттік тілді насихаттап, қолданыс аясын кеңейтуге атсалысуға шақырды.
Cеминар соңы тілге қатысты мақал-мәтелдерден сайысқа және қазақ тілінің шұрайлығына қатысты еркін пікіралмасуға ұласты.

БӨЛІСУ