Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаузалып, олардың орындалуы айтылды.

Жиын басталмас бұрын аудан басшысы Қазалы ауданы бойынша Қазынашылық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Ертуған Қонақбаевты таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – 2023-2024 жылдар аралығындағы жылу беру маусымы кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени нысандардың дайындығы болды.

Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жылу беру маусымына дайындық жұмыстары мен оны өз деңгейінде өткізу қатаң бақылауға алынып, назардан тыс қалдырмау қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, 2023-2024 жылдардағы жылу маусымы кезінде аудандағы өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандардың дайындығын ерте бастан пысықтап, мәселелердің шешу жолдарын қарастыру қажеттігі айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады. Әліби Берікұлы ауданның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы баяндады.

Баяндамадан соң Мұхтар Әуесұлы кейбір көрсеткіштердің орындалмағанына жеке-жеке тоқталып, жауапты бөлім басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдерін қатаң сынға алды.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажеттігін тапсырды.

Басқосу мұнан әрі аппарат мәжілісіне ұласып, «2022-2024 жылдарға арналған салық және бюджетке төленетін төлемдердің резервтерін анықтау жөніндегі алгоритм» және салық салу базасын ұлғайту бойынша жұмыс тобының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев пен Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Темірлан Қожаназаров хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев салық базасын ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажеттігін айтып, тапсырмалар жүктеді. Оған қоса кейбір ауылдық округ әкімдері мүмкіндікті пайдаланбай отырғанын қатаң сынға алды.

БӨЛІСУ