Роман Скляр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді.
Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді, оның шеңберінде 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған, жаңа форматтағы 369 мектеп салынады.
Бүгінде білім беру мекемелерін технологиямен жарақтандыру стандарттарын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Алдын ала жасалған тізімде жиһаз, көрнекі құралдар, оқу, компьютерлік, музыкалық, интерактивті және спорттық жабдықтар қарастырылған. Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобаға қатысу мәселесі пысықталған.
Жаңа мектептер жеті түрлі болады: 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық. Қазіргі уақытта мектептердің қуаттылығы бойынша форэскиздік жобалары, көлемдік жоспарлау шешімдері «Мемсараптама» РМК-мен алдын ала келісіліп, тиісті жұмыстарды жүргізу үшін барлық өңірлерге жіберілген.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру апатты жағдайдағы, үшауысымды және орын тапшы мектептер мәселелерін шешуге, сондай-ақ білім сапасын арттыруға және оқу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Тапсырмаға сәйкес, алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15100 орынға арналған 21 заманауи мектеп салынады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 100 млрд. теңге. Атап айтқанда: Қызылордада – 8, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 2, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында 1 мектеп бой көтереді. Жаңа білім ордаларында бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың әрқайсының өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік құрылғылары орнатылады, физика, химия, биология, робототехника сияқты заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай жасалады.