«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы  Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Кеңес отырысы өтті. Онда салауатты өмір салтын қалыптастыратын іс-шараларды өткізу, балалы отбасыларды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту үшін жағдай жасау, спорт кешендері мен нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.

«AMANAT» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында халықтың денсаулығын нығайтуға, халықты бұқаралық спортқа тартуға баса назар аударып, спортпен шұғылдануға жағдай жасау үшін спорттық объектілердің қолжетімділігін, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру мәселелерін шешуді мақсат етіп отыр. Партия алдағы 5 жылда өңірімізде 12 денешынықтыру – сауықтыру кешендерінің құрылысына ықпал етуді мақсат еткен болатын. Оның бірі Жосалы кентінде пайдалануға берілді. Жақын арада Ақай елді мекенінде ашылатын болады. Спорт нысандары халыққа қолайлы болуы үшін оларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де ықпал етуде. Осы жұмыстардың маңызды бөлігінің бірі партиялық бақылау механизмі арқылы балаларға спорт үйірмелеріне немесе шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік жасау»,- деді жиында Кеңес төрағасы Райкүл Байназарова.

Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов айтып өтті.

Оның айтуынша 2023 жылдың І-тоқсаны бойынша 920 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 106 750 адам қатысқан. Расында бұл көрсеткіш спорттың бұқаралық сипатын арттыру басымдық алып келетіндігін көрсетеді. Жалпы, Қызылорда облысында ағымдағы жылы 1 халықаралық турнир, 9 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы, 29 республикалық және 93 облыс біріншілігі мен турнир ұйымдастырылып, оған 19 635 спортшы қатыстырылған.

Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында балаларға арналған 1 мектеп-интернат-колледжі, 2 облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық резерв даярлау орталығы және 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 48 түрімен 21 367 спортшы тәрбиеленуде. Сонымен қатар, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы 2023 жылы облыс көлемінде өткізілетін бұқаралық-спорттық шаралардың күнтізбелік жоспарын қалыптастыру барысында отбаыларды ғана емес, жазасын өтеп жатқан және пробация есебіндегі адамдар арасында спорттық-шаралар өткізіп келеді. «Мақсат: жаза мерзімін өтеуші сотталған азаматтар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортқа тарту және салауатты өмір салтын насихаттау»,- дейді Жігер Айекешов.

Жиын барысында Кеңес мүшелері халықтың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына жағдай жасау мен қолжетімділігін арттыру бағытында ойларын ортаға салып, сала өкілдеріне жұмысты жетілдіруді ұсынды.

Атап өтейік «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы қамтылған жұмыстар нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарқыны 1000 адамға шаққанда 47,8%-ға, ал спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 53%-ға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

БӨЛІСУ