Бүгін Қызылжарма ауылдық округінде «Бірлігіміз – әралуандықта» атты ақпараттық-түсіндіру тобының кезекті кездесуі өтті.
Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, философия докторы (PhD), облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дәулет Омаров, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мұхтар Ибраев және ауылдық округ тұрғындары қатысты.
Бүгінде Ұлы Дала төрінде, бір шаңырақтың астында 100-ден астам, ал Алаштың анасына айналған Сыр өңірінде 35 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіне аянбай еңбек етуде.
Кездесуде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері «Бірлігіміз – әралуандықта» тақырыбында ой өрбітіп, бірлік пен келісім, жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін назарда ұстау бағытында сөз қозғады.
Ауыл тұрғындары Бекболат Нұрмағанбетов, көпбалалы ана Қуаныш Ахметқызы тарапынан ұсыныс, пікірлер айтылды. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдашбек Ордабаев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
2023-07-22