Жыл сайын күн жылысымен кенеден зардап шегетіндер саны артып, аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдығатындар қатары көбейеді. Жыл басынан бері 700-ден астам адам кене шағумен медициналық көмекке жүгінген, арасында аса қауіпті дертті жұқтырғандар да бар. Эпидахуалдың күрделі болуына байланысты “Қоғаидық денсаулық сақтау” ұлттық орталығынан арнайы мамандар іссапармен келген болатын. Бүған дейін мәлімдегеніміздей, жұмысшы топ Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарына барып жағдаймен танысқан болатын.

Ендігі кезекте Сырдария, Жалағаш және Қызылорда қаласында болып, жауапты мекемелермен кездесті. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының эпидемиолог мамандары мен емдеу мекемелері дәрігерлерінің қатысуымен аса қауіпті аурулардың алдын алу мәселелерін талқылады.

 Аса қауіпті инфекциялық аурудың эпидемиологиялық, эпизоотикалық ахуалын баяндап, аурушаңдықтың алдын алу бағытында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды.

Күннің жылынуымен табиғатта белсенділігі арта түсетін кенелерді зерттеу жұмыстары, оларға қарсы қолайсыз аймақтарда жүргізілетін залалсыздандыру шаралары мен энтомолог мамандармен жүргізілетін барлау жұмыстары мен өзге де алдын алу шаралары сөз болды.

Ауруларды ерте анықтау, өлім жағдайларын болдырмау бойынша атқарылатын жұмыстар талқыланып, проблемалық мәселелер көтерілді, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

БӨЛІСУ