Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қарақұм беткейдегі Шәкен ауылына арнайы барып, елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Аудан басшысы алдымен жыл басынан бері ауданда атқарылып келе жатқан жұмыстарды айтып өтті. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұстарына тоқталды. Мұнан соң жылу маусымына дайындық мәселелерін пысықтап, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Басқосуда Шәкендегі жұртшылық жол мен трансформатор жайын көтерді.
Тұрғындар жеткізген мәселелерге байланысты аудан басшысы жауап беріп, айтылған ұсыныстарды шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Шәкен ауылына сапар кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев №134 мектептің жұмысымен танысып, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Сондай-ақ, мектеп жанындағы интернатты аралап, ондағы жатын орын, оқу кабинеттерін көрген аудан басшысы мектеп басшылығына ғимаратқа ұқыптылықпен қарауды тапсырды.

Мұнан кейін аудан басшысы Шәкен ауылдық округіне қарасты Шилі елді мекеніне жол тартты. Ауылдағы білім ордасының ауласында тұрғындармен кездескен аудан басшысы ел ішіндегі жұмыстарға тоқталып болған соң, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.

Шиліліктердің айтуынша, қазіргі күні ұялы байланыс желісінің сапасын жоғарылату мен аяқсу мәселесі өзекті болып тұр. Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені иеленгісі келетін тұрғындар гранттың қалай алуға болатынын сұрады.

Әрбір сауалға жеке-жеке тоқталып, шешу жолдарын түсіндіріп берген аудан басшысы ауылдағы №259 негізгі мектептің жаңа оқу жылына дайындығынан хабар алды. Кездесулерде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, елді ауызбіршілікке шақырды.

БӨЛІСУ