Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтың төрағалығымен «Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша Қызылорда қаласы әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органның» кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысында күн тәртібіне сәйкес өзекті бес мәселе қаралды.
Ең алдымен, Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне қарасты «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» директорының орынбасары Орынбасар Әділ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету барысына тоқталып өтті.
Ағымдағы жылдың есепті мерзімінде ҚР-сы ІІМ-нің ҚАЖ департаментіне қарасты мемлекеттік мекемелерінен жазасын толық өтеп шыққан және пробация қызметі мен Қызылорда облысы полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция қызметінің есебінде тұрған 310 адам есепке алынып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп келеді. Оның ішінде 85 адам жұмыспен қамтылса, 22 азамат «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу сертификатын алған.
Кеңес төрағасы аталған санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жалғастыруды және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің ай сайын өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің бас маманы Самат Күнхожаев «Ата-аналары бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған балаларға әртүрлі үйірмелерге қатыстыруды ұйымдастыру шаралары туралы» баяндады.
Жоспарға сәйкес ата-аналары бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған балаларды әр түрлі үйірмелерге қатыстыру шараларын әрбір білім беру ұйымының әлеуметтік педагогтары қадағалап отырады. Әр аптаның сәрсенбі, жұма, сенбі күндері тұрақты түрде мектеп аумағында тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, ата-аналар комитетімен құралған топ рейд жұмыстарын жүргізіп келеді.
Келесі, Қызылорда қаласының пробация қызметі мекемесінің аға инспекторы Гүлнұр Байсариева пробация қызметінің есебіндегі тұлғалармен жасалатын қайта қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар турасына тоқталып өтіп, нәтижесімен бөлісті.
Мәселен, Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға сотталғандардың саны бүгінгі күні – 534 адамды құрап отыр. Оның ішінде қала әкімдігінің квотасы бойынша 42 сотталған азамат тұрақты жұмысқа орналасып, бастапқы бизнесті іске асыру үшін кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз грант бойынша 8 азамат жеке кәсібін бастаған.
Одан кейін, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінің әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығы, әділет майоры Абдулла Уайдаев №37 мекемесінде жаза өтейтін сотталғандар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап өтті.
Аталған мәселе бойынша кеңес төрағасы жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жүктеді.
Жиын соңында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға қатысты жыл көлемінде туындайтын өзге де ұсыныс-пікірлер сараланды.