Қоғамдық кеңес білім саласындағы өзекті мәселелерді саралады.
Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, білім беру ұйымдарына қатысты бірнеше мәселе қаралды.
Жиында алғаш болып баяндама жасаған Қоғамдық кеңестің құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі комиссия төрайымы Ләззат Бақтыбаева тиісті сала мамандарымен бірге аймақтағы балабақшалар мен мектептерді аралап, мониторинг жүргізгенін жеткізді. Соның нәтижесінде заңдылық талаптарын сақтамай отырған балабақшалар, мектептер анықталған.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Асылхан
Ашықов Қызылорда облысының білім басқармасына қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы туралы баяндады.
Бұдан бөлек, Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жапырақ Ұзақбаева арнайы мектеп-интернаттар мен бейімдеу орталықтарында кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары қалай қорғалып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, отырысқа қатысқан Кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысының орынбасары
Талғат Әбенов және Кеңес мүшелері ой-пікірлерін, ұсыныс-ескертпелерін ортаға салды.
Сонымен қатар, жиында шығып қалған облыстық қоғамдық кеңес мүшесінің орнына резервтік тізімдегі азаматтар сайланды. Салалық комиссиялардың атауы мен құрамына өзгерістер енгізіліп, қоғамдық кеңес ұсынымдарының орындалуы тыңдалды.