Бүгін аудан әкімі Есжанов Асқарбек Темірбекұлы арнайы қабылдау өткізіп, «Иманқұл» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Айбек Тынымбайұлы Мәдиевті жаңа қызметіне шығарып салды.
– Айбек Тынымбайұлы осы қызмет атқарған жылдары ауданда діни тұрақтылықтың сақталуына зор үлес қосты. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында және білімділігімен халыққа сапалы қызмет көрсете білді.
Әлемді жайлаған пандемиямен күресте халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сабырлыққа шақыру бағытында аянбай еңбек етті. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсету, шәкірт тәрбиелеу жұмыстарын да ұйымдастыра білді.
Бүгінгі күнге дейін аудандағы діни қызметінде белсенділік танытып, халық алғысына бөленген, діни істердің дамуына жұмыс атқарған Мәдиев Айбек Тынымбайұлы ендігі қызметін Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінде бас имам болып жалғастырады. Осы тұрғыда Айбек Тынымбайұлына Өзімнің және Жалағаш ауданы тұрғындары атынан зор алғысымды білдіре отырып, жаңа қызметіне сәттілік, абырой тілеймін. – деді аудан әкімі.
Айбек Тынымбайұлына ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасы» табысталды.
Қабылдауға Ақмешіт-Сырдария мешітінің найб имамы Абенов Жақсыбек Әбиұлы арнайы келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпеновтің 2023 жылдың 22 маусымындағы №1709 бұйрығына сәйкес аудандық «Иманқұл» мешітінің бас имамы қызметіне Асқаров Асхат Асқарұлы тағайындалғанын жеткізді.
Асхат Асқарұлы 1989 жылы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 2013-2016 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алған. 2016-2023 жылдары Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінде бас имам қызметін атқарған.
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов жаңа қызметке кірісіп жатқан азаматтарға сәттілік тіледі.