Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентінің клубында болған жиында айтты.

– Тереңөзек кенті күн санап өсіп, кеңейіп, қанат жайып келеді. Жаңадан құрылыс аймақтары, жаңа көшелер ашылуда. Бұған дейін өз алдына ауылдық округ болған О.Мәлібаев елді мекені қазіргі таңда Тереңөзек кентінің бір бөлігі болып отыр. Жаңа жобалар іске асырылып, елді мекен толық көгілдір отынға қосылды, ауыз сумен қамтылды. Биылғы жылы Қ.Бөдеев пен Б.Өтепов, Айтбай арық көшелері жөндеуден өтті. Ендігі кезекте Т.Қозыбаев көшесі жөндеуден өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ал О.Мәлібаев көшесіне қосымша жобасына өзгерістер енгізіліп, алдағы қаржы бөлу мақсатында бюджеттік комиссияға ұсынылып отыр. Сонымен қатар тұрғындардың сұрауы бойынша демеушілік көздерімен ойын алаңын салуды да қарастырудамыз,-деді аудан басшысы.

Жоспарға сәйкес, аудан әкімдігімен бұл елді мекенде жаңадан балабақша құрылысын салу мен мәдениет үйінің жобасын дайындау ұсынылып отыр.

Жиын соңында аталған елді мекеннің мәдениет ошағында “Күмбірле киелі домбыра” атты концерттік бағдарлама болып, өнерпаздар әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сылады.

БӨЛІСУ