Өткен жылы қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған болатын.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Байқау нәтижесімен батырлар ауылы атанған Нағи Ілиясов ауылы облыстағы «Үлгілі ауыл» номинациясының жеңімпазы атанды.

Еңбек Ерлері шыққан республикадағы үлгілі ауылдардың алдыңғы қатарындағы Н.Ілиясов елді мекеніне берілген лайықты бағаға сәйкес, жеңімпаз ауылға құрмет көрсету және аймақ басшысының қолдауымен «Үлгілі ауыл» Н.Ілиясов ауылына берілген жер қазатын трактор және жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігін табыстау рәсіміне арналған мерекелік шара өткізілді.

Шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, байқау жеңімпазы атанған ауыл азаматтарын құттықтады.

– Бүгінде ауылдың экономикасы дамыған, әлеуеті артқан. Әлеуметтік нысандар жаңарып, гүлденіп, көркейген ауыл өзге елді мекендерге үлгі етіледі. Жуырда елді мекенде құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер аллеясының» бой көтергенін өңір жұрты мақтанышпен айтады. Сондықтан да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында Н.Ілиясов ауылының жеңімпаз болуы – бәріміз үшін ортақ абырой.
Бұл ауданның, ауылдың қарқынды даму үдерісін көрсетеді. Елді мекеннің өркендеуіне мемлекеттен зор қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, ауылдың дамуында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің еңбегі өлшеусіз. Ел үшін осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жатқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін!-деді аудан әкімі.

Мерекелік шарада аудан тазалығына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар тазалықшылар облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара соңында нағилық өнерпаздар әннен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ