Су – тіршілік көзі. Ал адамзат пен табиғат тіршілігіне нәр беретін суды реттейтін арнайы мамандар бар. Ол – су шаруашылығы қызметкерлері. 9 шілде аталған сала мамандарының мерекесі. Атаулы күн біздің елде 2019 жылдан бастап күнтізбеге еніп, аталып өтіп келеді.
Кәсіби мерекеге орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала мамандарын мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Өздеріңізге белгілі, Сыр елінің негізгі тіршілік көзі – Сырдария өзенінің суы. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Десек те, қазіргі күні су мәселесі көңіл көншітерліктей емес. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер.
Қазіргідей су тапшылығы кезінде сала мамандарының білімі мен тәжірибесі ауадай қажет. Қыстың қаһарлы аязы мен шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан сушылар қауымы өз міндеттерін бұлжытпай атқарып келеді.
Сондықтан да Сіздердің жауапкершілікпен атқарған қызметтеріңіз үшін алғысымды айтамын. Мереке қарсаңында барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, шаңырақтарына береке, жұмыстарына табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң мерекеге сәйкес бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді. Атап айтар болсақ, аудан әкімінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің су рестустар комитеті төрағасының, облыс әкімінің және облыс әкімі орынбасарының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Одан бөлек, Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы атқарушы дирекциясының «Арал теңізін құтқаруға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Байназар Ерқусаевқа және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Жайберген Кенжалиевке табысталды. Мерекелік шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов та сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін мерекемен құттықтады.