ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті азаматтарды келісім-шарт негізінде әскери қызметке қабылдау жүргізуді бастады. Сондай-ақ, осы жылдың қыркүйек айынан бастап ҰҚК Шекара академиясына, одан бөлек Ресей Федерациясы мен Түркия мемлекетінің жоғары әскери оқу орындарына қабылданатын үміткерлерді іріктейді. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік шекараны күзету бөлімінің аға офицері, капитан Еламан Сағындықов хабарлады.
-Шекара қызметіне қабылданатын үміткерлер жоғары немесе арнайы орта білімі бар, мерзімді әскери қызметін шекара бөлімдерінде өтеген, 30 жастан аспаған және жүргізуші куәлігі болуы қажет. Біздің өңірде келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаратын азаматтар 20/10 күн бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейді. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің отбасына қызметтік баспана беріліп, арнайы төлемдермен қамтамасыз етіледі, – деді Еламан Сағындықов.
Брифинг барысында шекара академиясында білім алғысы келетін үміткерлерге қойылатын талаптар мен керекті құжаттардың тізімі айтылды. Биыл Қызылорда облысынан 30-дан астам талапкер шекара академиясына оқуға тапсырады деп жоспарлануда.
-ҰҚК Шекара академиясына жоғары оқу орындарына тапсыру үшін үміткерлер әскери қызмет өткермеген және 17 жасқа толған болуы керек. Оқуға түсуге кандидаттарды іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, медициналық куәләндырудан өту, дене шынықтыру дайындығы деңгейін зерделеу, кәсіби жарамдылығын тексеру және психологиялық сынақтардан өтеді. Жоғары оқу орындарын бітірген курсанттарға «лейтенант» атағы беріліп, ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелерінде жұмыспен қамтылады, – деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің кадрлар бөлімшесінің бастығы, майор Данияр Жұпарбеков.