Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жұлдызхан Байназарұлының төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын аудандық деңгейде дайындау және өткізу, жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан конкурсқа биыл аудан бойынша 35 отбасы қатысты.

Комиссия отырысы барысында конкурсқа қатысушы отбасылардың арнайы дайындаған бейнероликтерін көріп, конкурс талаптарына байланысты құжаттар сараланды.

Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы К. Раева, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы С. Райымбаева, «AMANAT» партиясының Қармақшы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Д. Буханов және басқа да комиссия мүшелері отбасылар жайлы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық деңгейде өтетін кезеңіне аудан бойынша Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны, тыл ардагері, 13 бала, 25 немере 18 шөбере тәрбиелеп отырған «Көбеевтер» отбасы және Ақжар ауылындағы еңбек адамдары, 9 бала, 28 немере, 15 шөбере тәрбиелеп отырған «Аяғановтар» отбасын ұсыну жөнінде комиссия шешімі шығарылды.

БӨЛІСУ