Заң жобалау жұмысының сапасын арттыру үшін сараптама жүргізу күшейтілді – Әділет министрлігі.
«Заң жобалау жұмыстарының сапасын арттыру бойынша біз ведомствоаралық комиссияның жұмысын жаңа деңгейге көтеру жұмыстарын жүзеге асырдық. Оның құрамын қайта қарап, БАҚ-тарды осы комиссия отырысына қатыстыру арқылы, елге жариялау арқылы осылай жұмысты кеңге тараттық. Барлық заң жобаларының экономикалық, әлеуметтік басқа да тәуекелдерін, мүмкін болатын теріс салдарының алдын алу бойынша сараптама жұмыстарын күшейттік. Осы арқылы сапасын жоғарылату бойынша мәселелерді шешіп жатырмыз», – деді министр.
Бүгінгі таңда 41 заң жобасы, Үкімет қорытындылары және консультативті құжаттар, концепциялар қаралған.
Бюрократиядан арылту бағытында заңдарды қайта қарау, ревизия жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 30 мемлекеттік органмен бірлесе отырып 260 күшіндегі заң қайта қаралды. Оның ішінде 4 437 мемлекеттік функция заң деңгейінде қаралып, оның ішінде 22 218 функцияны заң деңгейінен заңға тәуелді актілер деңгейіне ауыстыру жөнінде жұмыс жүріп жатыр.
Сонымен қатар министр заңсыз активтерді қайтару жөніндегі заң жобасына тоқталды.
«Ол олигополиялық және үлкен деңгейдегі жемқорлыққа қарсы бағытталған заң жобасы. Жауапты лауазымды тұлғалардың кезінде үлкен активтерге қол жеткізіп, соларды шетелге шығаруына қатысты, соған қарсы нақты шешімдер осы заң жобасында көзделген. Ол үшін активтердің мөлшері 100 млн астам болуы қажет. Екіншіден, үлкен лауазымдарға ие болған азаматтардың және қолында экономикалық күштері бар тұлғалардың ықпал етуімен жиналған активтер болуы керек екені заңмен көзделген», – деп нақтылады А. Есқараев.
Заң жобасында бұл активтерді қайтарудың ерікті және мәжбүрлі түрлері көзделген. Яғни, ерікті қайтару – өз еркімен, келісімшарт жасасу арқылы қайтару, екіншісі – мәжбүрлеу арқылы қайтару, бұл тәркілеу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл шара қылмыстық қудалау арқылы іске асырыла алады, ол тәртіп те заңда көзделген, деп түйіндеді спикер.
Министрдің айтуынша, жоба жалпы жиналыс хаттамаларында тұрғындардың органдар мен сотқа жүгінуіне әкеп соғатын тұрғындардың қойған қолдарын бұрмалау дауын шешуге септігін тигізеді.
«Біз бұл мәселені цифрландыру арқылы шештік, сондай-ақ цифрлық дауыс беруді жасадық, телефон арқылы электрондық дауыс беру хаттамасы жасалуда, яғни бір подъезд немесе бүкіл үй дауыс беріп, МИБ төрағасын таңдай алады. Мұның бәрі онлайн форматта, ашық және ешкім бұл жалған және теріс пайдалану деп айта алмайды», – деді ол.
Дауыс беру қорытындысы бойынша электрондық хаттама әділет органдарына түседі.
Пилоттық жоба биыл сәуір айында бүкіл республика бойынша іске қосылды. Жобаға 100-ге жуық үй қатысады, 4 МИБ-ті тіркеу сәтті жүргізілді, 20 үй электрондық дауыс беруді өткізуге өтінім берді.