Сырдария ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Кезекті отырысқа арнайы қатысқан Департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова аса қауіпті саналатын бұл аурудың облыс көлеміндегі эпидемиологиялық ахуалы мен оған қарсы атқарылып жатқан шаралар барысын баяндап, орын алған олқылықтар туралы айтты.

– Кенелердің белсенділігі көктем-жаз-күз мезгілдерінде артқанымен, олардың тіршілік етуі жыл бойы жалғасады. Жылы қора-жайлардың ішінде жұмыртқалап, фенологиялық дамуы тоқтамайды. Сондықтан сақтық шараларын бәсеңдетуге болмайды, – деп ескертті.

Сырдария ауданында кенелерге қарсы көктемгі дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Зиянкеске қарсы өңдеу алдында қора-қопсылардың қи-қоқыстан тазалануы өте маңызды. Себебі қанша өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен көңнің арасында ұялап қалған кенелерден сауықтыру мүмкін болмайды.

Сондықтан бүгінгі комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары ауданға қарасты барлық ауылдық округ басшыларына елді мекендердегі тазалық жұмыстарына тікелей жауапты екендерін ескертіп, механикалық тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қармақшы ауданында кене шаққан тұрғын Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққан. Бұл маусым айы басталғалы анықталған екінші жағдай.

Жалпы жыл басынан бері облыста 462 адам кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінген.

Әлия Әбдіқайымова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Биылғы  есепті жылы бізде Конго-Қырым гемморагиялық 16 жағдайы тіркелді. Бірақ соның ішінде зертханалық жолмен нақтыланған 2 жағдай болып отыр. Осы аурудың тіркелетін ең көп айлары осы маусым, шілде айларында өте жоғары деңгейде болады.

БӨЛІСУ