Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қатысуымен медицина, полиция және мемлекеттік қызметшілер күніне арналған атты мерекелік концерт өтті.

Мерекелік кеште аудан әкімі Асқарбек Есжанов сала ардагерлерімен қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, дәрігер де, мемлекеттік қызметші де, полиция да ошақтың үш тірегі сында халық үшін еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар екенін айтты.

– Бүгінгі күні аудан халқына 89 дәрігер, 428 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді. Аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық – техникалық базасын нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, биылғы жылы Есет батыр және Мырзабай ахун елді мекендерінде дәрігерлік емхана құрылысы салынады. Қаракеткен елді мекеніне дәрігерлік емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ, ауданымызда жыл басынан орын алған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 58-ден 48-ге, яғни 10 қылмыстық құқық бұзушылыққа немесе 17 пайызға төмендеген. Адамзат қандай қоғамда да, қандай заманда да өз құқығын қорғап, қылмыспен күресіп келеді.
Қазіргі таңда барлық мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген функционалдық міндеттері, ұстанатын қағидалары, мансаптық бағыттары бар. Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан асқан абырой да, одан асқан бақыт та жоқ деп есептеймін.- деді аудан әкімі.

Бүгінгі мерекелік концерт ел бірлігінің үлгісіндей барлық саланың ардагерлері мен қызметкерлеріне «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» және І дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгілері тағылып, облыс және аудан әкімінің құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен арнайы құттықтаулар табысталды.

Елге қызмет ету жолында халық игілігі үшін қызмет жасаған Ішкі істер органының ардагері Ержанов Базарбай Тасмаханұлына, Облыстық мәслихат депутаты, Облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Шәменова Балжан Мөрәліқызына Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Еңбек жолы адалдық пен әділдіктен қаланған кез-келген маман халықтың алғысына бөленетіні сөзсіз. Марапат иелеріне арналып аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концер қойылып, сала қызметкерлері құрметіне ұйымдастырылған салтанатты жиын жоғарғы дәрежеде аталып өтті.

БӨЛІСУ