Бүгін облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б.Сандыбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті.
Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары Ж.Нұрымбетов, Қ.Боранбаев, Ә.Шаймағамбетов, Н.Сопбеков, мәслихат аппаратының басшысы Ж.Досжан және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Құрманбаев, басқарманың және тиісті сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде Қызылорда облысындағы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы 1 ғана мәселе қаралды.
Облыстық мәслихаттың 30 мамыр күні өткен кезектен тыс 3 сессиясында күн тәртібінен «Қызылорда облысындағы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы» мәселесі мәслихат депутаттарының ұсыныстары негізінде алынып тасталған болатын.
Соған сәйкес, қағиданың жобасын арнайы осы тұрақты комиссияда талқылау үшін М.Құрманбаев хабарлама жасады.
Хабарламадан соң, комиссия төрағасы Б.Сандыбаев және мәслихат депутаттары Қ.Боранбаев, Н.Сопбеков, Ж.Нұрымбетов, Ә.Шаймағамбетов өз ұсыныстарын жеткізіп, өзара ой-пікір алмасты. Атап айтсақ, депутат Ж.Нұрымбетов қағида жобасының 38-тармағында көрсетілген ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазанда №1034 қаулысы бекітілгендігін, аталған қаулыда өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізілген жасыл екпелерді кесуге рұқсат берілмейтіндігі мәселесіне тоқталды. Соған сәйкес, ол Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді кесуге болмайтынын, дегенмен, елді мекеннің ішінен өтетін каналдарды ескеру керектігін айтты.
Біздің елді мекендердің ішінде жыңғыл, сексеуіл, ең бастысы тораңғы өседі.
Аталған каналдардағы Қызыл кітапқа енгізілген «тораңғы» ағашын кеспеу салдарынан каналдарға тазалау жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болмайтынын, ал Сыр өңірінің 80-90% пайызы егістік алқабы екендігін жеткізді.
Комиссия мүшелері осы тұрғыда депутат Ж.Нұрымбетовтың ұсынысын қолдап, аталған қағидаға өңірдің ерекшелігін ескеру мақсатында арнайы тармақша енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Басқарма басшысы М.Құрманбаев депутаттардың тарапынан болған ұсынысқа қатысты, Қаулыға өзгеріс енгізу туралы тиісті министрлікке хат жазып, ұсыныс берілетіндігін айтты.
2023-06-22