Бүгін аймағымыздың барлық білім беру ұйымдарында түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өткізілді. Биыл Қызылорда облысы бойынша мектепті 8 318 оқушы бітірсе, оның 7 421 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынауда. Сондай-ақ, негізгі орта білім туралы аттестатты алатын, яғни 9 – сыныпты бітірушілер саны – 15 546 оқушы. Оның ішінде «Үздік аттестат» иегерлер саны – 1 944. Ал, 11 – сыныпты бітіруші түлектер саны – 8 318 болса, оның 514-і «Алтын белгі», 823 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атануда.
Осы қуанышты күні облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, Қызылорда қаласы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің түлектеріне аттестат табыстады.
Аталмыш білім ошағы 1919 жылы құрылып, 2021 оқу жылынан бастап Абай атындағы дарынды балалар оқитын мектеп мәртебесіне ие болған.
Бүгінде 100 жылдан астам тарихы бар бұл білім ордасында 198 түлек жаңа өмірге қанат қағуда. Мемлекеттік аттестаттаудың қорытындысы бойынша оның 12-і «Алтын белгі» және 29-ы «Үздік аттестат» иегері атануда. Мерекелік шарада басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы 198 оқушыға аттестат тапсырып, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері атанған түлектерді үздік нәтижелерімен құттықтады.
💬Бүгінгі жас түлектеріміздің әрқайсысы осы алтын ұя мектептерінде 11 жыл оқып, сапалы білім мен саналы тәрбие алып, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрсыздар. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз алдағы өмір жолдарыңызда сенімді серік болады деп сенемін. Баршаңыз Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы нәтиже көрсетіп, өздеріңіз таңдаған мамандықтарыңыз арқылы білім алып, осы дүниенің бір кірпіші болып орындарыңызды табуларыңызға тілектеспін. Бар білімдеріңізді еліміздің, туған жерлеріңіз Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне жұмсап, үлкен жетістікке жете беріңіздер, – деді басқарма басшысы.