Бүгін Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде жас кәсіпкерлердің бизнес-форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарымызға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру болып табылады.
Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани атындағы ауылдың саябағында өткен ауқымды шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барды.
Аудан басшысы ең алдымен көрмеге қойылған Көларық, Бірлік, Өркендеу, Сарыкөл, Басықара, Құмжиек, Қарашеңгел, Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінің және кәсіпкер Руслан Жаңалықұлының хош иісті сұйық сабыны мен ыдыс жууға арналған сұйықтықтарын тамашалады. Мұнан соң ашық аспан астында ауданның жас кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен форумды Мұхтар Әуесұлы жүргізіп, Қазалыда шағын және орта бизнес саласында 2680 жас кәсіпкерлер бар екенін атап өтті.
– Биылғы жылы Ұлттық жоба аясында 33 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 24 жас әртүрлі салада қайтарымсыз грант иеленіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұл бізді қуантады. Бүгінде кәсіпкерлердің ел болашағы үшін өзіне зор жауапкершілік алуға дайындығы да аса маңызды. Сондықтан бүгінгі форум жастарымызға бағыт-бағдар беріп, ынтасын арттыру және бизнеспен айналысушылар қатарын көбейту болып табылады, – деді аудан басшысы.
Шарада “Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы басқармасының бас менеджері Мейрамбек Кеңесұлы жеңілдетілген несиенің тиімді тұстарын айтып берді. Сондай-ақ, “БанкЦентрКредит” акционерлік қоғамының Қазалы ауданындағы бөлімше директоры Абылайхан Ғабитұлы аталған банктің кәсіпкерлерге арналған несие түрлеріне байланысты ақпаратымен бөлісті.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірге беріліп, аудандық мәслихат депутаты Есет Табынбаев және бірнеше жас кәсіпкерлер өздерінің сұрақтарын жолдады. Мұхтар Әуесұлы қойылған сауалдарға қатысты аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов пен аудандық “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының директоры Маржан Кимге тапсырмалар жүктеді.
Форум соңында аудан басшысы шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын айтып, кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Айта кетейік, жиында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып кәсіпкерлер түрлі номинацияларымен және сыйлықтарымен марапатталды.