Партиялық бақылау тобы Сырдария, Жалағаш аудандарындағы әлеуметтік нысандарға мониторинг жасады.

Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова мен партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы тиісті сала мамандарымен бірге Сырдария және Жалағаш аудандарында болып, партиялық бақылауға алынған құрылыс нысандары мен жол сапасына бақылау жүргізді.

Бесарық ауылында салынып жатқан спорттық сауықтыру кешені құрылысы 2023 жылға өтпелі. Құжат бойынша биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Қаржысы уақыты бөлінген. Алайда бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 50 пайызы да бітпеген. Бақылау жұмыстары барысында мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» басшылығына қатысты бірқатар сын ескертпелер айтылды. Сонымен қатар, техникалық қадағалушы, тапсырыс берушілерге құрылыс сапасы мен уакқытылы аяқталуын қатаң ескертті.

Мұнан соң бақылау тобы аудандық маңызы бар «Қызылорда – Қоғалыкөл- Шіркейлі» автожылына орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Бұл жерде жол жөндеу жұмыстары аяқталған. Алайда жолдың сапасы партиялық бақылау тобы мүшелерін қанағаттандырмады. Тиісті кемшіліктер мердігерге көзбе көз көрсетілді. Тапсырыс берушілерге қабылдау жұмыстары барысында ескеріп, түзету тапсырылды.

Ал «Самара – Шымкент-Тереңөзек» автожолының жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 687,6 млн теңге қаржы бөлінген. Жалпы ұзындығы 12 шақырым болатын жолға бүгінде ортша жөндеу жұмыстары кестеге сай қызу жүруде. Мердігерлер жұмысты уақытылы, тамыз айына дейін аяқтаймыз дейді. Партиялық бақылау тобы мұнда да қаржының тиімді жұмсалуы мен жолдың сапасына аса мән беруді тапсырды.

А.Тоқмағанбетов ауылдық округіндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің күрделі жөндеу жұмыстары 10 күн бұрын басталған. Жұмыс қарқыны жақсы. Сын ескертпелер болмады. Тапсырыс беруші мекеме Сырдария аудандық ауруханасы басшылығы да, аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері де күнделікті жұмыс сапасын қадағалап отырғандарын айтты.

Бақылау тобы әрі қарай Жалағаш ауданы, Ақсу елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары мен Жалағаш кентіндегі спорттық сауықтыру кешені құрылысымен танысты.

Ақсу елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 73,3 млн.теңге қаржы бөлінген. Келісім шарт бойынша жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, маусым айында пайдалануға берілуі тиіс. Алайда жұмыстың 30 пайызға жуығы ғана орындалған. Тапсырыс беруші тарапынан бүгінгі күні мердігер мекеменің үстінен жөндеу жұмыстарын мерзімінен кешіктіруіне байланысты Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп отыр. Мәселе партиялық бақылауға алынды.

Кенттегі спорттық сауықтыру кешені құрысы жұмыстары да партиялық бақылау тобы мүшелерінің көңілінен шықпады. Атап өту керек нысан құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС-і жүргізуде. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтамағаны үшін соттың шешімімен айыппұл салынып, жұмысты толық аяқтау міндеттелген. Партиялық бақылау тобы құрылыс жұмыстарынан көп кемшіліктер анықтады. Құрылыс материалдары мен жұмыстың сапасы бойынша ескертулер беріп, алдағы уақытта қайта бақылау жасалатындығын ескертті.

Партиялық бақылау барысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова әрбір нысан халықтың қаржысына салынып жатқандықтан халықтың талабына сай сапалы болуына тапсырыс беруші де, жобалаушы да, мердігерлер де, техникалық бақылаушылар да жауапты екенін жеткізіп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті құзырлы органдарға ұсыныстар беретіндігін айтты.

БӨЛІСУ