Бүгін, 20 маусым күні қалалық мәслихаттың кезекті IV-сессиясы өтті.

Сессия отырысына мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы А.Мұсабаева төрағалық етті.

Сессия отырысына қала әкімі А.Шаменов қатысып, қалада атқарылып отырған жұмыстармен бөлісіп, депутаттардың сауалдарына жауаптар берді.

 Сессияның күн тәртібінде Қызылорда қаласында мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы жұмыстардың барысы, «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы, қалалық жер комиссиясының құрамын және ережесін бекіту, жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауда сараланатын тарифті белгілеуге келісім беру, қалаға қарасты ауылдық округтердің көшелерін қайта атау және атау беру туралы мәселелер енгізіліп, талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж. Файзуллаев, қалалық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғ.Тобажанов, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауаптар берді.

Сессия барысында мүгедектігі бар балаларды қолдау мәселесіне орай құрылған уақытша комиссия жетекшісі А.Мұсабаева қосымша хабарлама жасап,

-ауыр науқастағы балалармен айналысатын қоғамдық ұйымдар мен мамандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын одан әрі дамыту;
-психологиялық-медициналық-педагогикалық түзету кабинеттерінің қызметіне жүгінуші балалар санының артуына байланысты, қаланың шет аумағынан дербес ғимарат есебінен қосымша түзету кабинетін ашу;
– балаларға арналған инва-такси қызметіндегі көлік құралдарының санын арттыру, қоғамдық көліктерде жүруіне жеңілдіктер қарастыру;
– демеушілік есебінен балаларға оңалту орталығын ашуға ынталы ұйымға үлкен сыйымдылықтағы ғимарат тауып беру мүмкіндіктерін қарастыру;
– мүгедектігі бар балаларға кедергісіз орта құру, оқу орнын бейімдеу, балалардың науқас ерекшеліктеріне қарай қажетті жағдайлар жасау мақсатындағы қаладағы мектепке дейінгі білім ұйымдары мен мектептерге пандустар орналастыру шараларын одан әрі жалғастыру;
– тірек –қозғалыс аппараты бұзылған балаларды мектепке келіп оқуына жағдайлар жасау мақсатында, оларға көмекшілер тағайындау мүмкіндіктерін қарастыру;
– балалардың бойындағы бұзылыстарды ерте кезден бастап анықтау бойынша жүргізу қажеттілігі туралы және басқа да ұсыныстарын жеткізді.

Бюджет жобасына сәйкес, қаладағы №197 мектеп жанынан қосымша мектеп құрылысын салу үшін мемлекет мұқтаждығына жер учаскелерін алу, отбасын қолдау орталығы ашылуына байланысты мамандармен қамтамасыз ету және басқа да мақсаттарда қаржы қаралды.
Сессия барысында қалалық жер комиссиясының құрамы және ережесін бекітуге және қалаға қарасты Ақсут және Ақжарма ауылдарының бірқатар көшелеріне атау беруге келісім берілді.
Сонымен бірге, сессия барысында «Жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланатын тарифтi, қолма-қол төлем 130 теңге және электрондық төлем 85 теңге көлемінде белгiлеу туралы» қала әкімінің қаулысына келісім берілді.
Сала мамандарының мәліметіне сәйкес, сараланған жолақы тарифін еңгізудің мақсаты: электрондық төлем жүйесін кеңінен енгізу, қалаішілік бағыттарда нақты тасымалданған жолаушылар санын және тасымалдаушының шынайы табысын анықтау, көлеңкелі кәсіптің алдын алу.

Сессияға қала әкімінің орынбасарлары Ж.Сейілов, Ғ.Еркебай, аппарат басшысы Ж.Абатов, қалалық кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

БӨЛІСУ