Шиелі ауданында тігін фабрикасы ашылды. Жаңа нысан «Ай-Мар» деп аталады. Кәсіпорын бірнеше бағытта қызмет көрсетіп, 60 адамды жұмыспен қамтымақ. Аумағы 1000 шаршы метрді алып жатқан кәсіпорын арнайы киім-кешек тігуге маманданған. «Ай-Мар» тігін фабрикасы Қызылорда қаласында орналасқан «Далатекс» тігін фабрикасының филиалы.
Аталған өндіріс орнын жеке кәсіпкер Дилмухамед Абизов өз қаражаты есебінен ашып, қазіргі таңда 30-дан астам аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Болашақта одан бөлек тағы 30 жұмыс орнын ашып, ересектер мен балаларға арналған киімдерді тігу жоспарлануда.
Жеңіл өнеркәсіп нысаны әмбебап және бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Заманауи тігін жабдықтарына ие кәсіпорын бүгінде арнаулы киім формаларын тігеді.
-Бір күнде 400 көйлек, 300 арнайы киім өңдеп шығарамыз. Цехты ашудағы негізгі мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, облысымызда басқа өңірлерден, сырттан келетін киім-кешек тауарларына тәуелділікті азайтып, өңірлік өнімнің үлесін арттыру. Нарықта отандық өнім арасында бәсекелестікті арттыру және өзара тауар айналымын жақсарту, – дейді Дилмухамед Абизов. Әр тігіншінің алдында —соңғы үлгідегі тігін машинасы. Қол күшін қажет етпесе де мұндағы шеберлерге жүктелген міндеттің жүгі ауыр.
Өндірістің технологиялық процесі мен ассортиментіне байланысты бір ауысымда 500 дана өнім шығаруға қауқарлы. Фабрикадағы қыз-келіншектер тіккен киімдер Қазақстаннның түкпір-түкпіріне жол тартуда.