Б.Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Мың алғыс саған, дәрігер!» атты медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлерің құрметіне арналған салтанатты кеш болып өтті.

Салтанатты кеште аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз алып, барша медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап, аудан медицинасының дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін марапаттады.
– Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Мұның өзі, осынау шапағаты мен машақаты қатар жүретін, қадірі мен қасиеті мол мамандықтың маңызын көрсетсе керек. Ал, оның иесі болу – Сіздер үшін үлкен мәртебе болуы тиіс. Бұл мерекені Сіздердің ерен еңбектеріңіздің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр.
Халқымыз қай заманда болмасын «Бірінші байлық – денсаулық» – деп денсаулықты мына дүниедегі барлық байлық атаулыдан жоғары қойса, Ата заңымызда «Мемлекеттің ең басты қазынасы – халық және оның денсаулығы» деп айқын көрсетілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты. Сондықтан еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсартуымыз қажет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланып отыр. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі», – деген болатын. Сондықтан, біз өз тарапымыздан ауданымыздың медицина саласын дамытуға, дәрігерлер жұмысының сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды күшейтетін боламыз. Мәселен, өткен жылы Ұлттық аккредиттеу орталығы эксперттері жүргізген сараптаудың нәтижесінде Шиелі ауданаралық ауруханасы республикадағы үздік екі ауданның бірі болып, I санатты көпбейінді аурухана статусын алды. Бұл жетістік – аудан медицинасының, оның ішінде біздің ақ халатты абзал жандардың еңбегінің жемісі деп білемін. Тағы бір айта кетерлігі, Мен ауданға басшылық қызметке келгенде аудандық ауруханаға КТ, МРТ аппараттарының ауадай қажет екендігін аңғардым. Себебі, осыған дейін аталған аппараттардан тексерістен өту үшін аудан тұрғындары ат терлетіп, облыс орталығына баруға мәжбүр болып келген. Дегенмен, денсаулық басқармасымен біріккен жұмыстардың нәтижесінде, 2022 жылы ауданаралық ауруханаға 182 млн теңгеге компютерлік томография аппаратын орнаттық. Ал, биыл МРТ және қан құрамын зерттеуге арналған ангиограф аппараттарын алып, оларды орнатуға арнайы қосымша ғимарат құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, аудандық ауруханаға биыл бас-аяғы 549 млн теңге көлеміндегі құрал-жабдықтар алынатын болады. Мұнан бөлек, биылғы жылға ауданымызға қарасты Бала би, Бұланбай бауы, Досбол би елді мекендерінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысын салуға, Республикалық бюджеттен барлығы 1,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, Шиелі кентінен 30 төсектік инфекциялық корпус құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 13,5 млн теңге қаржы қаралды. Ал, 2024 жылы Алмалы, Ортақшыл, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Бестам елді мекендеріне дәрігерлік амбулатория құрылысын бастауды жоспары бар. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттің ел медицинасына көрсетер қолдауы зор екенін білдіреді, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң Нұржан Сәбитұлы медицина саласында талай жыл табысты еңбек етіп, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақсақал Болат Күлімбетовке Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен төсбелгілер табыстады.

БӨЛІСУ