Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Масс-медиа туралы» заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары тақырыбында  отырысы өтті. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, журналистика саласының ардагерлері, газеттердің, телеарналар мен ақпараттық агенттіктердің басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Асхат Аймағамбетов басқосудың «Масс-медиа туралы» заң жобасының жаңа тұжырымдамалық негіздерін таныстыруға арналғанын айтты. Депутаттар алдында баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов заң жобасын әзірлеу кезінде министрлік Еуропа елдерінің озық тәжірибесін, БҰҰ мен ЕҚЫҰ стратегиялық құжаттарын егжей-тегжейлі зерттегенін айтты. Әзірленген заң жобасы сөз бостандығы құқығын нығайтуға және қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қағидаттар мен мемлекеттік кепілдіктерге негізделген. Заң жобасының жаңалықтары бірнеше тақырыптық блок бойынша қалыптастырылған. Біріншіден, журналист мәртебесін көтеру. Екіншіден, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау. Үшіншіден, телерадио хабарларын таратуды дамыту, – деді Қ. Ысқақов. Сондай-ақ вице-министр журналистерге арналған баспасөз картасын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, баспасөз картасы журналистердің аккредиттеу процесін жеңілдетуге ықпал етіп, ақпарат алуына және таратуына ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, карта БАҚ өкілдерінің жұмысын ынталандырып, оңтайландыруға бағытталған. Отырыста заң жобасы бойынша қоғам қайраткері, журналист Серік Сарыбаев, Media Net Халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары Думан Смақов, «Әділ сөз» Қоғамдық қорының өкілі Қарлығаш Жаманқұлова, «Сырым елі» саяси газетінің редакторы Бауыржан Шимерденұлы сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. Жиын барысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи, Аманжол Әлтаев, Жұлдыз Сүлейменова,  Анас Баққожаев және Таңсәуле Серіков және Жарқынбек  Амантайұлы заң жобасын әзірлеушілерге сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды.  Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне мәртебе беріп, баспана мәселесін шешу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. «Қазіргі күннен бастап Отбасы банк, сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен тікелей келісіссөздер жүргізу қажет. Қалай және қандай бағытта енгіземіз? Үйді қанша пайызбен алу мүмкіндігіне ие болады? Өйткені, журналистерді категория ретінде тек қана 2019 жылы қабылданған «Алматы жастары» сияқты бағдарламада пысықтаған болатынбыз. Қазір барлық әлеуметтік желіде қатысып отырған журналистер «бір күнде бізді категорияға енгізеді» деп ойламауы қажет. Өйткені, әрбір мамандықты категорияға қосу мүмкін емес», – дед Е.Бейсенбаев. Сондай-ақ жиында заң жобасын әзірлеушілер мемлекеттік БАҚ-та еңбек ететін қызметкерлердің жалақасы 2023 жылы – 30 пайызға, 2024 жылы –  30 пайызға, 2025 жылы – 20 пайызға артатын айтты.   Жалпы алғанда, қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң 1999 жылы қабылданған, оған 40-тан астам өзгерту мен толықтыру енгізілген. Осы заң жобасы арқылы БАҚ заңнамасы 35 пайызға жаңартылады. Отырысты қорытындылаған Асхат Аймағамбетов Мәжіліс бұл заң жобаларын енді жұмысқа алғанын, алдағы жұмыс тобында заң жобаларын қарау бойынша үлкен жұмыс атқарылатын айтып, барлығын белсенді қатысуға шақырды.

БӨЛІСУ