Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. «Қант қызылшасы өндірісін ұлғайту, жеміс-көкөніс өнімдері импортын алмастыру, оларды өңдеу және сақтау мәселелері» тақырыбы бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Мемлекет басшысы сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсімі байқалғанын атап өткен болатын. Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың айтуынша, биыл ақпанда инфляция 21,3 пайызды құрап, шарықтау шегіне жеткен. Сонымен бірге көрсетілген мерзімде жылдық есеппен алғанда жаңа піскен көкөністер 27,9 пайызға қымбаттаған. – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша Үкімет пен әкімдіктер қабылдап жатқан шаралар нәтиже бермей отыр. Оған қоса баға тұрақсыздығы жиі туындайды. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – отандық азық-түлік өндірісін дамыту, жеміс-көкөніс өнімдерімен, соның ішінде қантпен елді толық қамтамасыз ету, – деді палата вице-спикері. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, 2022 жылы 8,7 млрд теңгеге қуаттылығы 21,7 мың тонна жемістер мен көкөністер өндіретін 15 инвестициялық жоба іске асырылған. – Соңғы 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды. Олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту, жаңа суармалы жерлер мен су үнемдейтін технологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейтін 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді, – деді министр. Е.Қарашөкеев қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігінің 43 пайызын қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлерде 2026 жылға қарай егіс алаңын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланғанын айтты. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев саладағы олқылықтарды сынға алып, Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. – Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңгеге қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан даму үрдісі баяу екенін көрсетіп отыр. Мысалы, егер 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныс 9 пайыз қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7 пайызға, ал 2022 жылы – 6 пайызға төмендеді. Осылайша, ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз, – деді С.Егізбаев. Комитет төрағасы Үкіметке айтылған проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып, саланы дамыту стратегиясы бойынша шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды. Депутаттар импортты алмастыру, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және сақтау бойынша түйткілді мәселелерді қозғап, құзырлы мемлекеттік органдар өкілдеріне сауалдарын қойды. Жиында айтылған ұсыныстар Үкіметке ресми жолданатын болады.
2023-06-21