Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шалғайда орналасқан елді мекендерге арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы ең әуелі Қызылқұм ауылдық округі халқымен жүздесіп, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды сөз етті. Оған қоса алдағы мақсат-міндеттермен бөлісіп, алыстағы ағайынның талап-тілектеріне құлақ түрді.
Кездесуде тұрғындар аудан көлемінде атқарылып келе жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, ауылдағы жол мәселесін көтерді. Оған қоса маса, сона және кенеге қарсы дезинфекция жұмыстары жүргізілсе екен деген тілектерін жеткізді. Мұхтар Әуесұлы әрбір ұсыныс үнемі назарда болып, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын айтты.
Бұдан кейін аудан басшысы елді мекендегі №225 орта мектепке аялдап, білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығын көрді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Тасарық ауылдық округінде жалғасты. Ауылдық клубта өткен басқосуда оңтайлы шешімін тауып келе жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын да тыңдады.
Елді мекен жұрты жиында аяқ су, ауыз су және жол мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, бірқатар тұрғын жұмыссыздық жайын алға тартып, тұрақты жұмыс қажет екенін жасырмады. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді. Бұдан кейін жеке қабылдау өткізіп, ауыл тұрғынының мәселесі бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.
Бүгінгі таңда Тасарық ауылдық округінде әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңадан бой көтерген нысанның қазіргі таңда 60 пайызға жуығы аяқталып тұр. Одан бөлек, елді мекенде орталық саябақ алаңын салу жұмысы қызу жүріп жатыр. Аудан басшысы құрылыстың басына арнайы барып, шаруаның аяқалысынан хабар алды.