Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласындағы бірқатар көшелердің жол құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан және В.Счастнов көшесіндегі көпқабатты үйлерде жүріп жатқан жұмыстарды көрді.

Аудан басшысы ең әуелі Қазалы қаласындағы Т.Құлахметов және Түркебаев көшелерінің жол құрылысымен танысты. Жауапты мердігер мекеме – “Қыран” ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, жолдың сапалы болуына қатты мән беру қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа жұмыстың күндіз-түні қатаң бақылауда болуын тапсырды. Оның үстіне техникалық қадағалаушылар үнемі жұмыстың басында болуы қажет екенін жеткізді.

Бұдан бөлек аудан әкімі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы төрт жолақты жолдың жайынан да хабар алды. Жүргізіліп жатқан жол құрылысының басына арнайы барып, тиісті жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Мұнан соң аудан басшысы В.Счастнов және Желтоқсан көшелеріндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.

Жауапты қызметкерлердің айтуынша, бүгінгі таңда жоба сметалық құжаттама бойынша құрылыс жұмыстарының 90 проценті орындалып тұр.

Бас мердігер – «N строй сервис» ЖШС қызметкерлері көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыр жабынын толықтай ауыстырып, қасбеттерін сылап, кіреберістерді жөндеді. Аудан басшысы мердігер мекеме мамандарына әрбір пәтердің кіреберісіндегі электр желілерін қалыпқа келтіруді тапсырды.

Сол тұста аталған көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары нысанның құрылысын назардан қалдырмай бақылауда ұстап отырғанын Мұхтар Әуесұлына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Бұдан кейін аудан басшысы В.Счастнов көшесінде жүріп жатқан жолдың құрылысын көрді. Мердігер мекеме «Строймодуль Астана» ЖШС мамандарына бірінші кезекте жол сапасына мән беру қажет екенін ескертті.

БӨЛІСУ