Қала әкімі Асылбек Шаменов шаһарға қарасты кент және ауылдық округтерді аралап, қазіргі таңда атқарылып жатқан және алдағы уақытта жасалуы тиіс жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, әр елдімекеннің тұрғындарымен кездесіп, көкейтесті мәселелерін тыңдады.
Тасбөгет кентінен басталған кездесуде кент әкімі Семсер Сыздықов ілкімді істерді тізбектеп берді. Атап өтсек, апатты тұрғын үйлер мәселесін шешу жүйелі түрде жүргізілуі нәтижесінде жалғыз баспанасы апатты деп танылған кенттің 140-тан астам тұрғыны қала аумағынан салынған жаңа үйлерден пәтер кілттерін алды.
2022 жылы облыстық бюджеттен қаралған 680 млн теңгеге 59,6 шақырым электр желісі жүргізіліп, жаңадан 15 қосалқы станция қойылса, «Сабалақ» саяжайына газ желісін тартуға «AS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
2021-2022 жылдары Сабалақ, Еңбек саяжайларын ауыз сумен қамтуға бюджеттен 1,4 млрд теңге, демеушілік есебінен 50 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Жобаға енбей қалған аумақтарға демеушілер қосымша 187 млн теңге бөліп, құрылыс жұмыстары аяқталды.
Қазірде кент орталығынан спорт кешенінің құрылысы жүруде. Оған қоса, бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мұнан өзге, халықтың қолайлы ортада өмір сүруі үшін қажетті жағдайлар жасалынуда. Тұрғындар елде атқарылып жатқан жұмыстарға қанық. Өткен жылы айтылған ұсыныстар қанағаттандырылып, биыл ауқымды жобалар сәтті жүзеге асуда.
Кездесуде шаһар басшысы Асылбек Шаменов тұрғындардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне көңіл бөліп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала әкімінің аралау кестесіне сәйкес келесі болып Белкөл кентіндегі байырқалы бастамалар мен атқарылған жұмыстар барысы сараланды.
Кентте соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Оның бір ғана дәлелі – 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 71 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 71 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Жыл басынан бері «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 21 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш берсе, 1-ші лек бойынша 4 тұрғын грант жеңімпазы атанып, Өңірлік инвестиция орталығы арқылы жеке кәсіпкер «Ізбасқанова Майра» кір сабын жасап шығару жобасына құрал-жабдыққа 4 млн теңге алып отыр. Қосымша «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 179,5 млн теңгені құрайтын 25 жобаның құжаты жинақталуда.
Кентте биыл теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандарға апаратын аяқжолдар жаңалануда. Жарықтандыру ісі де қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығына ел азаматтары бақылау жасап отыр. Десе де, қала әкімі қыруар шаруаны жүзеге асыруда олқылыққа жол бермеу қажеттігін баса айтып, тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.
Тың жаңалықтары мен атқарған жұмыстарын көрсету кезегін алған Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуәли Әбдіқадыров ағымдағы жылы жүзеге асырылатын құны 1 млрд. 318 млн. теңгені құрайтын жобалары туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Досан елді мекеніндегі медициналық бекеттің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек Досан елді мекенінің инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 5 көшені асфальттау, 10 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, Абай және Досан елді мекенінен мектепке баратын басты 3 көшеге жаяу жүргінші жолы салынады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде»,- деді ауыл әкімі.
Шаһар басшысы аталған маңызды жобаларды сәтті жүзеге асыру барысында ешқандай кедергілер орын алмауын тікелей бақылауына алатынын айтып, ауыл әкіміне елдімекен тіршілігін әлде де жандандыру жөнінде тапсырма берді. Содан соң ауыл тұрғындарының ұсынысын тыңдап, кезек күттірмейтін мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты қарастыруды орынбасарларына жүктеді.
Қала әкімінің жұмыс кестесіндегі келесі елдімекен Қарауылтөбе ауылдық округі болды. Ауыл әкімі Еркін Ахетов ауылдағы атқарылып жатқан және алдағы жұмыстармен таныстырып, жаңа жобалары туралы тілге тиек етті.
Мәселен, «Ауыл ел бесігі», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында ауылда біршама жұмыстар жүрген. 150 орындық мәдениет үйі ббой көтеріп, ауыл көшелеріне жарықтандыру мен электр бағаналары орнатылған.
Айта кетейік, округте жалпы 124 шағын кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. «2023 жылдың алғашқы 6 айы бойынша округте барлығы 12 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 12 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «Өңірлік инвестициялық орталық» микроқаржы ұйымы арқылы 30,5 млн. теңгеге 5 жоба игерілді»,- дейді ауыл әкімі.
Қала әкімі Асылбек Шаменов өз кезегінде ауыл халқының игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарды ширатуды тапсырып, тұрғындардың талап-ұсыныстарына ден қойды. Ауылдағы ағайын ұсыныс-тілектердің кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асып жатқандығын, десе де жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға күш салу қажеттігін жеткізді. Асылбек Өмірбекұлы бұл бағытта нақты шаралар қолға алынғандығын айтып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану барысын түсіндірді.
Бүгінгі күнге жоспарланған ауылдар тізбегін қорытындылаған Қызылжарма ауылдық округінде жалпы сомасы 2 млрд 630 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 көшеге жол жөндеу, 24 көшеге түнгі жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ, Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 тұрғын аудандарындағы 35 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жоспар бойынша ауылда мектеп, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне ұсынылады.
Тұрғындар игілікті бастамаларға алғыстарын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі-округтегі жабайы әдіспен жүргізілген электр бағаналарын алып тастау, ауыз судың қысымын көтеру және ұялы байланыс желісін жақсарту. Қала әкімі талап-ұсыныстардың орындалуын жеке бақылауына алатындығын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.