Сот әкімшілігі департаменттерінің аудит қорытындылары талқыланды.

Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров жұмыс кеңесін өткізді. Оған қатысушылар Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының департаменттеріндегіо аудит нәтижелерін қарастырды.

Сот әкімшілігінің басшылығы, ішкі аудит бөлімінің қызметкерлері мен департамент басшылары анықталған заң бұзушылықтарды, олардың пайда болу себептері мен кемшіліктерді жою жолдарын талқылады.

Департамент басшыларының назары олар басқарып отырған құрылымдық бөлімшелердің, атап айтқанда, қаржы бөлімі мен соттардың инфрақұрылымын дамыту бөлімінің қызметіне бақылауды күшейтудің маңыздылығына аударылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің тарапынан заңнамаға, әсіресе бюджеттік және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге мониторинг жүргізулерінің маңыздылығы туралы айтылды.

Сот әкімшілігінің басшысы кеңес жұмысын қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауды талап етті. Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстары департаменттерінің басшыларына жіберілген заң бұзушылықтарды жою, ал басқа департаменттердің басшыларына кемшіліктердің алдын алу үшін аудит нәтижелерін мұқият зерделеу тапсырылды.

Н. Ахметзакиров енгізілген қаржыландырудың жаңа моделі бойынша тек сот жүйесі үшін барлық мемлекеттік органдар шығыстарының кемінде 6,5%-ы мөлшерінде төменгі шек белгіленгенін еске салып өтті.

«Мемлекет тарапынан көп жұмыс жасалды. Атап айтқанда, бізге судьялардың жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, инфрақұрылым жобаларын іске асыру, цифрландыруды дамыту үшін өкілеттіктер беріліп отыр. Бұл біздің барлығымызға бюджет қаражатын уақтылы әрі сапалы игеру үшін жоғары жауапкершілік жүктейді және әрбір тиынның жұмсалуына қатаң бақылау жасауды міндеттейді», – деп атап өтті ол.

БӨЛІСУ