«Құқықтық көмек»: Кәсіби заңгерлер кеңес берді

«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан заң аясындағы сұрақтарына жауап алды.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы республикалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А. Әбенов, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары А.Жарылқасынов, облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы А. Қосбергенова, Түркістан-Қызылорда облыстары бойынша заң консультанттары палатасының заңгері Б. Қайырбекова, «Бітім» медиация орталығының кәсіби медиаторы Қ. Рашов және сот орындаушы Г. Есентай қатысты.

Шараның алғы сөзінде партияның облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары А. Жарылқасынов «Құқықтық көмек» жобасының мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

Республикалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А. Әбенов аталмыш бағытта республика бойынша атқарылып жатқан шаралар ауқымын атап, халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, кеңес беру партия жұмысының негізгі бағыттары екенін жеткізді.

Сонымен қатар, «Отбасы банк» филиалының консультанттары тұрғын үй бағдарламалары бойынша тегін кеңес беріп, ипотекалық келісім-шарттар бойынша сұрақтарға жауап берді.

Кеңес алуға келуші тұрғындар негізінен қаржылық мәселелер, банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы берешекті реттеу, жеке сот орындаушылардың іс-әрекеттері, алимент өндіру, жер даулары және тұрғын үй-коммуналдық қатынастар бойынша мәселелерін ортаға салды.

Сала мамандары барлық келушілерге кеңес беріп, заң нормаларын түсіндірді. Сот тәртібімен және соттан тыс медиация тәсілімен шешу жолдары айтылды.

«Құқықтық көмек» жобасы аясында мамыр айынан бастап облыс көлемінде 39 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 128 тұрғынның мәселесі қаралды. 106 тұрғынға құқықтық кеңес берілді, 22 тұрғынның құқығын қорғау бойынша сүйемелдеу шаралары жүргізілді.

БӨЛІСУ