Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Салық саясатының өзекті мәселелері және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Отырыс бір минут үнсіздікпен басталды. Сенаторлар мен шақырылғандар Абай облысындағы ауқымды өрттің салдарынан қаза тапқан «Семей орманы» қызметкерлерін еске алды.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бүгінгі таңда салық саясатын жетілдіру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді қысқарту – өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оның құрылымы мен жаңа идеологиясы ерекше болады. Ол адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталады. Сондай-ақ онда бизнесті ынталандыру шаралары көрініс тапқан және бірқатар жеңілдіктер жүйеленді. Әкімшілендіру қарапайым болады және ынта-ықыласқа баса назар аударылады», – деді сенатор.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Салық кодексіндегі жаңа тәсілдер туралы айтып берді. Ол кодексті әзірлеу кезінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің жиналуын жақсарту, жүктемені анағұрлым жоғары кірісті салаларға көшіру және табыс деңгейі жоғары салық төлеушілерден түсетін кірісті күшейту, сондай-ақ кодексті халықаралық практика нормаларына сәйкес келтіру мәселелері ескерілгенін хабарлады.

Сонымен қатар, Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов салықтық әкімшілендіруді жаңарту және сервистік үлгіге көшу жөніндегі ұсыныстар туралы, ал «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілі кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру тетіктері туралы айтты.

Қаржы және бюджет комитетінің сенаторлары дөңгелек үстел мен «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар ұсынған материалдарды талдау қорытындысы бойынша салалық мемлекеттік органдардың атына жіберілетін ұсынымдар жобасын әзірледі.

БӨЛІСУ