Сыбайлас жемқорлық–бүгінімізде белең алып жатқан, ауқымды мәселелерміздің бірі. Қай қоғамда болмасын жемқорлық іс-әрекеттері болып жатады және бар. Бұл бағытта тиісті жұмысты жүргізу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды сыбайлас жемқорлықтан қорғайтын ашық, кәсіби және тиімді құқық қорғау органы болу үшін тиісті шараларды қабылдауда. 2022 жылдың қорытындысымен жасалынған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау бойынша Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицей базасында қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Теңізбайұлы және білім беру ұйымдарының басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиында қалалық білім бөлімінің заңгері Аралбек Көбегенұлы сөз алып, баяндама оқыды.
– ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы» Заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдануы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары бойынша 2022 жылдың қорытындысымен талдау жасалынып, ол 87 білім беру ұйымдары бойынша 9 бағыттар негізінде жүргізілді, – деді Аралбек Көбегенұлы.
Жиын соңында қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша енгізілген өзгерістер түсіндірілді.