Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, бастамаларына қолдау көрсетудегі мәселелер, алдағы даму жоспарлары қаралды. Оған барлық құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар мен аудандық бөлiм басшылары, ауылдық округ әкiмдерi қатысты.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін тұжырымдамаға сүйеніп, Жаңақорған ауданындағы өндіріс, индустрия, кәсіпкерлік, аграрлық салалардың мәселелерін шешуге мүмкіндік бар.
Президент барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керектігін айтқанда әсіресе, ауыл әкімдерінің қызметіне ерекше тоқталды. Оларға күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектеріне дер кезінде назар аудару міндетін қойды. Жалпы ауылдың елдегі бастамаларға қосылуы, жаңа бағдарламалар мен жобаларға қатысуы ауылдық округ әкімдеріне байланысты.
«2022 жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Жаңақорған ауданы 4-ші орынға тұрақтап, дамудың орта көрсеткішін көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 86,1 млрд.теңгені құрап 3,6 пайызға, бөлшек сауда көлемі 7,1 млрд.теңгені құрап, 1,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 53,2 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 154,9 пайыз болды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 34,9 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86,1 пайызға төмендеген. Аудан экономикасына 9,9 млрд. теңгеге инвестиция салынған, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе артты», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты көрсеткіштерді мысалға келтіріп, аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта ізденіс пен бастамашылдық жұмысты ширатады. Сондықтан халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға баса назар аударылуы керек.
Мемлекеттік бағдарламалар ұсынған мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалануда, оның халыққа тиімді шарттарын түсіндіруде әлі де жетіспейтін тұстар бар. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданға қарасты 7 елді мекенге мүлде қаржы қаралмаған. Енді екі жылдан кейін спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы мүмкін. Спутникті және тіректі елді мекендер тізіміндегі ауылдар бағдарламаның артықшылықтарын пайдаланбаған.
Тағы бір ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасына да Жаңақорған ауданынан Қожакент және Аққорған ауылдық округтері ғана қатысқан. Мұндайда, әрине әкімдердің іскерлігі сынға түседі. Мемлекеттің ауылға бағытталған бағдарламалары мен ұлттық жобалары арқылы қаржы тарту, ол қаржының қажеттігін дәлелдеп шығу, істің көзін тауып, ауыл тұрғындарын бір мақсатқа жұмылдыру – ауыл әкімдерінің негізгі міндеті.
Облыс әкімі аймақтағы әрбір ауылдың ахуалын, ондағы жұмыс барысын бақылау мен қадағалаудан тыс қалдырмайтынын айтты. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовке нақты тапсырмалар беріп, жұмысты үйлестірудің негізгі бағыттарын, кәсіпкерлікті қолдау мен тұрғындар, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтудың, ауыл тұрғындарының бастамаларын ілгерілетудің жолдарын атап көрсетті. Жастарды кәсіпкерлікке ынталандырудағы кейбір түйткілдердің түп негізі ақпараттандырудың жетіспеушілігінде екенін атап айтты.
Облыс әкімі Жаңақорған кенті мен ауылдардағы тіркелген қылмыстардың, олардың ашылу көрсеткішінің төмен екенін сынға алды. Әр ауылдағы ахуалға тоқталып, жауапты қызметкерлерге тапсырмалар жүктеді. Жағдайды қоғамдық және ардагерлер кеңестерінде үнемі талқылап, келеңсіздіктерді болдырмаудың жолдары ұсынылса, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілсе, барлығын бақылауда ұстауға болады.
Жиын соңында аймақ басшысы жазғы демалысқа шыққан мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігі, әсіресе, судағы жазатайым жағдайлардың алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі