Бүгін Саяхат тұрғын ауданы, Бұлғақұлы көшесінен жаңа наубайxана ашылды. Бұл жеке кәсіпкер Азамат Кобдиковтың бастамасы. Наубайханың ашылуына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев пен қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков арнайы қатысып, кәсіпкерге жылы лебізін білдірді.

Наубайxана нан пісіруге қажетті барлық заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. Мұнда күніне тапсырысқа сай 20 000 дана нан пісіріледі. Наннан өзге де кондитерлік тағамдар да сатылымға шығарылады. «Ақжелең» атты бұл нысанда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айта кету керек, кәсіп иесі Азамат Мәдениетұлы жалпы құны 400 млн. теңгені құрайтын жаңа наубайхананы іске қосу үшін жеке қаражаты есебінен 215 млн. теңге және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы 185 млн. теңге «Халық банкінен» қаржы алған.

БӨЛІСУ