Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті. «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» тақырыбындағы жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын әзірлеу Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған. Жиынның күн тәртібінде аталған Ұлттық пилоттық жобалардың орындалу мәселелері қаралды. Отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар білім беру және денсаулық сақтау саласындағы республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың сөзінше, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы екі жыл ішінде барлық ауылды тиісті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол 650 елдімекенді қамтиды. 32 аудандық аурухананы көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту жоспарланған. Ал Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2026 жылға дейін қалаларда және ауылды елдімекендерде заманауи талаптарға сай келетін 800 мыңға жуық жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру жоспарланғанын айтты. – Ұлттық жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде орын алған проблемалар ескерілді. Тиісінше Ұлттық жобаның ең маңызды ерекшелігінің бірі – мектептердің «дайын күйінде тапсырылуы», яғни салынған мектептер оқу процесіне қажетті құрал жабдықтармен, пәндік кабинеттермен толық жабдықталады, – деді вице-министр. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Алматы және Түркістан облысы бүгінде 3 ауысымды мектебі ең көп және оқушы орны тапшылығы қатты сезілетін өңірлер екенін айтып, оны шешуге қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. – Құрылыстың сапалы жүзеге асуы, уақытылы аяқталуы және дер кезінде эксплуатацияға берілуіне қатысты біз «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы аясында осы жобаны енгіздік. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық талқылау, сараптау және мониторинг жүргізе отырып, осы «Жайлы мектеп» жобасы құрылысының сапалылығына өздері де жауапкершілік таныта алады. Сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру бағыттары мен қауіпсіздік мәселесі де өзекті, – деді Ж.Сүлейменова. Ал депутат Ерлан Саиров жобаның құрылысына жауапты мекемелерге сенімсіз екенін ашық жеткізді. – Осы жобалардың ірі олигархиялық топтардың мүддесіне пайдаланылып кетпеуін қарастыру қажет. Шынын айту керек, құрылыс саласында монополия жасап алған фирмалар бар. Қазақстанның әрбір тиыны халыққа қымбат. Сол себепті конкурс болған кезде қоғамдық бақылау элементтерін қосып, тендерлік комиссияға депутаттарды енгізуге тиіспіз. Бұл – халықтың мемлекетке деген сенімінің индикаторы болады. Жоба жасап жатырмыз деп айтып, кейін ұятқа қалып отырмайық. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту маңызды», – деді Е.Саиров. Ұлттық жоба бойынша құрылыс жұмыстарына жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының Құрылыс және пайдалану жөніндегі орынбасары Ғабит Малғаздаров жоба аясында апатты мектептерді, оқытудың үш ауысымдылығын және оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 401 жайлы мектеп салынатынын айтты. – Оның ішінде 226 мектеп – 2024 жылы іске қосылып, қалған 175 мектеп – 2025 жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі. Жайлы мектептерде қауіпсіздік іс-шараларына аса маңызды көңіл бөлінетін болады. Мектептер заманауи құралдар мен жүйелермен жабдықталады, – деді Ғ.Малғаздаров. – Бұл жобалар өте маңызды, елге керекті жобалар әрі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде қолға алынып отыр. Сондықтан оның іске асырылуын қадағалап отыру біздің басты бағытымыз, парызымыз. Бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Енді оны сапалы іске асыру ғана қалып отыр, – деді А.Аймағамбетов. Жиын барысында айтылған ұсыныстар негізінде жобаны жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар одан әрі жалғасады.
2023-06-10