Кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығаруға ынталандыру үшін биылдан бастап жаңа форматта бөлшек салық салу енгізілді.
«Жалдамалы қызметкерлердің көрінбеуі үлкен проблема күйінде қалуда. Бұл болашақта зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді ала алмау, медициналық қызмет алудағы шектеулер түріндегі әлеуметтік салдарға әкеп соғады. Бүгінгі таңда 1,2 млн дара кәсіпкерде жалдамалы жұмысшылар жоқ. Ал 89 мың дара кәсіпкерде бір ғана жалдамалы жұмысшы бар. Кәсіпкерлердің тек 9,5%-ында 5-тен астам қызметкер бар», – деді Д. Жанәлінов.
Кәсіпкерлердің қызметкерлерді «көлеңкеден» шығаруға ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорының 20%-ы мөлшерінде жалақыдан бірыңғай төлем енгізілді. Бұл еңбекақы төлеу қорының жүктемесін едәуір төмендетіп, төлемді жеңілдетті. Бірыңғай төлем бір төлеммен енгізілгенде, оны одан әрі бөлу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүктелді.
«Бүгінгі таңда 491 кәсіпкер бірыңғай төлем төлеуде. Оның ішінде бұрын жалдамалы жұмыскерлерін көрсетпегендер – 35 қана, яғни жалдамалы жұмысшыларды көрсету біртіндеп ашылып келеді», – деп нақтылады комитет төрағасы.
Тағы бір проблема – кәсіпкерлердің кірістерін толық көрсетпеуі не арнайы салық режимін сақтау және ҚҚС шегінен асып кетпеу үшін бизнесті бірнеше дара кәсіпкерлікке бөлуі. Кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдайлар жасаудың үлкен қадамы 2023 жылдан бастап жаңа форматта бөлшек салықты енгізу болды, ол 190 қызмет түрін қамтиды. Оған сәйкес, шекті табыс мөлшері 600 мың АЕК немесе 2,7 млрд теңгені құрайды. Оның шегінің шеңберінде кәсіпкер ҚҚС төлеушісі болып табылмайды. Кәсіпкер 200-ге дейін жұмысшыны жалдауға және оларға бірыңғай төлемді қолдануға құқылы.
«Салық салу сервистік моделі шеңберінде қазір екі пилоттық жоба дайындалып жатыр. Біріншісі – платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба, ол қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Электрондық сауда бойынша жоба 1 шілдеден бастап жоспарлануда», – деді кіріс комитетінің басшысы.
Сонымен қатар спикер Бірыңғай жиынтық төлем мерзімінің аяқталатынына тоқталды.
«БЖТ бастапқыда дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтымаған азаматтар үшін, егер олар тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе және олардың кірісінің сомасы жылына 4 млн теңгеден аспаса, 5 жылға уақытша енгізілді. БЖТ енгізудің негізгі және жалғыз мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтуға міндеттілерді әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сондықтан бұл төлемдері төмен жеңілдік кезең болды және ол аяқталуда», – деп нақтылады спикер.
Сұрақ-жауап сессиясы барысында журналистер бірыңғай әлеуметтік төлемнің (БЖТ) болашақ тағдыры туралы сұрақ қойды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының айтуынша, БЖТ 2019 жылы 5 жыл мерзімге әлеуметтік қолдау көрсету үшін уақытша шара ретінде енгізілген.«Пандемия кезінде мұндай адамдардың саны 3 млн адамды құрады. Бұл дұрыс шара болды. Қазіргі уақытта БЖТ пайдаланушыларының саны 220 мыңға жуық. Келесі жылдан бастап бұл адамдар өздерінің мәртебесін заңдастыруға, яғни ЖК ретінде тіркеу есебіне тұруға немесе жалдамалы қызметкер болуға және әлеуметтік қорларға тиісті төлемдер аударылатын жалақы алуға тиіс», – деді спикер.
Сайып келгенде, бұл оларға уақытылы және сапалы медициналық көмек алуға, заңнамада көзделген бірқатар жағдайларда мемлекеттен сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік береді.
Комитет төрағасы сондай-ақ қызмет көрсетудің сервистік моделінің екі пилоттық жобасы қалай енгізілетіні туралы айтып берді. Мысалы, платформалық жұмыспен қамту Яндекс-таксиде тіркелген кез келген такси жүргізушісіне салық есептілігі туралы алаңдамауға мүмкіндік береді – ол үшін барлық қызмет көрсетуді интернет-платформа жүзеге асырады. Тиісінше, осы тұрғыда Яндекс-таксимен серіктестік келісім жасалды.
Сондай-ақ, бүгінде 80 мыңнан астам төлеуші интернет-саудамен айналысады, олардың барлығы екінші деңгейдегі банктерде тіркелген. Пилоттық жоба олардың келісімімен салықтар бойынша барлық есептілікті екінші деңгейдегі банктердің орындауына мүмкіндік береді.
ҚР ҚМ жеке тұлғалардың өндірістік емес төлемдерін және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Арман Тян кәсіпкерлердің салықтық есептілігін жеңілдетуге арналған жаңашылдықтар мен сервистер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 2022 жылы мобильді қосымша енгізілді, оны бүгінде бизнес табысты пайдалануда. Қазіргі уақытта азаматтардың жеңілдікке ие санаттары бойынша еңбек министрлігімен интеграциялау жұмыстары аяқталуда. Барлық пайдаланушылар, соның ішінде оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтіндер, өз қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдер бойынша автоматты режимде алдын ала толтырылған есеп айырысумен 910 формада есеп бере алады.
«Сондай-ақ жыл соңына дейін мәліметтерді алу бойынша екінші деңгейдегі банктермен интеграция жүргізуді жоспарлап отырмыз және кірістерді толық алдын ала толтыруды жүзеге асыратын боламыз, салық төлеушілерге екінші деңгейдегі банктердің, фискалдық деректер операторларының деректері бойынша жинаған кіріс сомасын ұсынамыз», – деді А.Тян.