Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы, заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжіліс онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы және заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Жалпы отырыстың екінші бөлігінде «Онлайн платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірінші оқылымда қаралды. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – онлайн-платформаларды пайдаланушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. – Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар өздерінің артында мықты мемлекет тұрғанын айқын сезінуге тиіс. Біз қарап отырған заң әлеуметтік желіні бұғаттауды немесе біреудің құқығын шектеуді көздемейді. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз алаңдаушылық болған. Бірақ бұл заңның өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді, – деді депутат. Заң жобасында «онлайн-платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» ұғымдары енгізіледі. Сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді. Онлайн-платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Бұдан басқа, онлайн-платформалардың интерфейстері мен модерациясына мемлекеттік тілді міндетті интеграциялау көзделіп отыр. Бұл әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне заңға қайшы контентті қадағалауға, сондай-ақ қазақ тіліндегі контентті модерациялауға мүмкіндік береді. Онлайн-платформалардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа және салықтан жасыруға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізіледі. Сондай-ақ кәсіпкерлік заңнамасына сәйкес онлайн-жарнаманы таңбалау және онлайн-платформаларда жарнамалық қызметті жүргізу бойынша міндеттемелерді белгілейді. Сонымен қатар отырыста депутаттар бастамашы болған «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы, Әкімшілік кодекс пен Салық кодексіне және өзге де заңнамалық актілерге ілеспе түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.     Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін кеңейту, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау. – Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органда активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін арнайы құрылған комиссияның қарауына шығарады. Бұл комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, Үкімет мүшелері кіреді және оны Премьер-Министр басқарады. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді, – деді Е.Бейсенбаев. Сондай-ақ депутат егер тұлға декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін екенін айтты. Заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды, сондай-ақ қайтарылған активтерді жинақтау және әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құруды көздейді. Жалпы отырыста палата комитеттері масс-медиа туралы және оған ілеспе заң жобасын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Бұдан бөлек Мәжіліс «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Снежанна Имашева, Абзал Құспан, Мәди Такиевті сайлады. Елдің орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құрамына Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Павел Казанцев, Гауһар Танашева, Асқар Садықов, Асхат Рақымжанов, Аян Зейнуллин, Динара Шүкіжанова және Ерлан Стамбеков сайланды.

БӨЛІСУ