7 маусым күні қалалық мәслихатының ауыл шаруашылығы, жер және экология мәселері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «Ауылдық елді мекендерде шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар туралы» мәселесі қаралды.
Комиссия отырысы көшпелі түрде Қызылжарма ауылында өтті. Қалалық мәслихат депутаттары сала мамандарымен бірге алдымен ауылдағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.
Қазіргі таңда ауылда жеке кәсіпкер Ж.Бердешов 2022 жылы өз қаражаты есебінен жоба құны 15 млн.теңге құрайтын жылыжай кешенін іске қосып, ауыл мен қала тұрғындарына қияр мен қызанақ өнімдерін ұсынуда. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында қосымша қаражат алып, әлеуметтік бағдарлама арқылы маусымына 3 тұрғынды жұмыспен қамтып, жылыжайды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасын табуда.
Қазіргі таңда аукцион арқылы 3 сотық жер учаскесін қосымша алған. Әрі қарай жұмыстарды жалғастыру үшін мемлекеттік қолдаулар қажет етіледі.
Сонымен қатар, ауылда «Жұма» көлік жуу орталығы жұмыс жасайды. Жеке кәсіпкер Г.Құдайбергенова 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы қаржы алып, отбасылық «өзін-өзі жуу» көлік жуу орталығын ашып, қазіргі кезде қала және ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Жеке кәсіпкер П.Алимбаева 2021 жылы өз қаражаты есебінен азық-түлік дүкенін ашып, ішіндегі азық-түліктерін алуға «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың біріңғай бағдарламасы аясында қаражат алып халыққа қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта, «Байқоңыр» ӘКК акционерлік қоғамы арқылы әлеуметтік сөре ашуды және мұздатылған өнімдерді дайындауды жоспарлап отыр.
Кездесулер барысында ауыл кәсіпкерлері кәсіптерін кеңейту жоспарларымен бөлісіп, мемлекеттік қолдаулар қажет ететіндіктерін жеткізді.
Комиссияның талқылау отырысы Қызылжарма мәдениет Үйінде өткізіліп, кәсіпкерлік саласының дамуы мен өзекті мәселелері ортаға салынды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Аманкелдиев, «Атамекен кәсіпкерлер палатасының» директоры П.Сыздықов, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі М.Сейілов хабарлама жасап, ұсыныстарын білдірді.
Талқылау отырысы барысында қалаға қарасты кент, ауылдық округтері мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа шағын өндіріс көздерін ашуға жұмыс жасау, кәсіпкерлікті өндірістік бағытта дамыту, кәсіпкерлік бағытта берілетін жер мәселелері туралы және басқа да бағытта сұрақтар көтерілді.
Комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, қала әкімінің орынбасары Д.Ермеков, қала әкімінің кеңесшісі Ж.Әлиев, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов және бірқатар қалалық дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысына комиссия төрағасы М.Жүсіп төрағалық етті.