Мемлекеттік жәрдемақылардың 10 түрі балалы отбасыларға тиесілі – ҚР ЕХӘҚМ.
ОКҚ алаңында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар етті.
«Осы карта арқылы отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға, отбасыны тиесілі мемлекеттік қолдауларға және оларды проактивті форматта қолдауға мүмкіндік беретін электрондық жаршы ретінде іске қосылды. Ақпараттық жүйе Smart Data Ukimet жүйесінде іске асырылған», – деді вице-министр.
Ол бұл әдістеменің қазақстандық отбасыларды олардың кірісі, жанұясындағы әлеуметтік мәртебесі, үй-жайы, денсаулығы, оқудағы нәтижелері тәрізді әр түрлі әлеуметтік статустарына байланысты бес санаттан құралатынын айтты. Осы санаттағы азаматтардан өмірлік қиын жағдайларға тап болғандары болатын болса, олардың келісімі бойынша сол азаматтарға смс хабарлама арқылы проактивті форматта қолдаулар көрсетіледі.
«Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылардың 10 түрі бүгінгі таңда балалы отбасыларға тиесілі. Оларды 3,4 млн отбасы алып отыр. Бұған мемлекет тарапынан 1,8 трлн теңге қаражат көзделген», – деді Е. Оспанов.
Он түрлі жәрдемақының алтауы республикалық бюджеттен, үшеуі – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және біреуі – жергілікті атқарушы органның бюджетінен қарастырылған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 711 мың мүгедек жан тұрады, оның ішінде 104 мыңы – балалар, яғни балалар жалпы мүгедек жандардың 13,5% құрайды.
«Мүгедек жандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде: әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек және қолдау, екіншісі – мүгедектерді әлеуметтік оңалту шеңберінде жоғалған функцияларын өтеу, үшіншісі – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету», – деп нақтылады спикер.
Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекс шеңберінде биыл 1 шілдеден бастап төленіп отырған мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері ұлғаймақ, яғни орта есеппен 14,5%-ға артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінген.
«Мүгедек жандар, оның ішінде балалар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекет бюджеті қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ым-ишара тілі мамандарының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедек жандарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Биыл бұл мақсаттарға 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді Н. Сағындықова.
Сонымен қатар 1 шілдеден бастап қосымша өзгерістер жоспарлануда. Мәселен, мүгедек жандарға берілетін жөргектердің нормалары 2 данадан 4 данаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ пилоттық режимде 1 шілдеден бастап дәрігерлердің қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету жоспарланған.
«Мүгедек жандарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2025 жылдарға еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын ашу жоспарланған. Осы тізімдегі алғашқы оңалту орталығы биыл ақпан айында Абай облысының Семей қаласында ашылды. Бұл оңалту орталығында мүгедек ересектер де, балалар да қызмет ала алады», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, қалған 6 өңірде оңалту орталықтарының құрылысы жалғасуда. Ол – Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Ақтөбе облыстарында. 5 өңірде – Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу, Павлодар облыстарында қазіргі уақытта тиісті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде, деп түйіндеді сала өкілі.