Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның кезекті отырысында онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама, сондай-ақ заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобалары талқыланды. Кездесуге Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева, депутат мен Қоғамдық палата мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиын «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын талқылаудан басталды. Қоғамдық палатаның төрағасы Айдос Сарым заң жобасын әзірлеу уақыт талабынан туындағанын  атап өтті. Сондай-ақ интернеттің дамуымен әлеуметтік желілер адам өмірінің бір бөлшегіне айналып, экономикаға және басқа да маңызды салаларға кері әсер етіп жатқанына назар аударды. – Мемлекет қазынасын толтыру халықтың мүддесі үшін қажет. Алайда пайда салық төлемейтін, Қазақстанның интернет-аудиториясын тікелей немесе жасырын жарнама үшін кеңінен пайдаланатын азаматтардың қалтасына түседі. Олардың кеңестеріне сүйене отырып, алданып қалған интернет-тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесін де ұмытпауымыз керек, – деді депутат Анас Баққожаев. Ол заң жобасымен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың өз парақшаларында орналастырылған онлайн-жарнамаларды белгілеу және өз қызметін кәсіпкерлік туралы заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттері белгіленгенін айтты. – Заң жобасы онлайн платформаларға жалған ақпарат таратуға және жариялауға тыйым салады. Олардың иелері үшін жалған ақпаратпен және салық төлеуден жалтарумен күресуде мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу міндеттемесі енгізілуде, – деді Анас Баққожаев. Сонымен қатар осы құжат арқылы онлайн-платформа қолданушысы және инфлюсер (блогер) ұғымдары енгізіледі. Мәжіліс депутаты Никита Шаталов заң жауапкершілікті дұрыс бекітіп, әділ жұмыс істеуі үшін олардың нақты анықтамасы мен аражігін ажырату қажет екеніне мән берді. Жоба нормалары бойынша М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ қауымдастырылған профессоры Мүслім Хасенов сөз сөйледі. Ол заңда блогерге құқықтық мәртебе беру шарттары көрсетілмегенін атап өтті. – Критерийлерді, бұл мәртебені кім және қалай белгілейтінін нақтылау қажет. Ол өте маңызды, өйткені блогерлердің қызметін реттейтін жалғыз бап қолданушылардың құқықтары мен міндеттерінің негізгі бөлігін қайталайды. Бірақ оларды Кәсіпкерлік кодекске сәйкес коммерциялық қызметті жүргізуге міндеттейді. Алайда әлеуметтік желілердің әрбір пайдаланушысы кәсіпкер болып табылмайды. Ал кәсіпкерлік қызмет тек көрсетілген кодекске ғана емес, сонымен қатар басқа да құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады, – деді Мүслім Хасенов. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева аталған ескертулер заң жобасы бойынша депутатардың алдағы жұмысында ескерілетінін айтты. Ол үшін отырысқа қатысушылардан Парламентке нақты түзетулер мен ұсыныстар жолдауды сұрады. Сонан соң «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы және оған ілеспе түзетулер талқыланды. Жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, заңсыз жолмен алынған мүлікті қайтарудың негізгі тетігі ретінде қолданыстағы қылмыстық және әкімшілік тәркілеуге қосымша азаматтық тәркілеу институты енгізіліп отыр. –                   Заң жобасы аясында Бас прокуратура жанынан мамандандырылған ведомство – Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі комитет құру көзделуде. Активтердің заңдылығын анықтау үшін деректерді алдын ала жинау және талдау – комитеттің басты міндеті. Бұдан әрі бұл ақпарат активтерді қайтару жөніндегі комиссияға беріледі, ол әрбір жеке жағдай бойынша ұсыныстарды мақұлдайды немесе қабылдамайды, – деп баяндады Мәжіліс депутаты. Сонымен қатар мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құру жоспарланып отыр. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға арналған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Қаржыгер және заңгер Оразалы Ержанов Президенттің осы заңды қабылдау жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, жобаны әлі де жетілдіру қажет. – Заң жобасында қоғамдық қатынастар тобын көрсететін нормалар жоқ. Сонымен қатар әзірлеушілер заңның қолданылуына әсер етуі мүмкін субъектілермен ғана шектелді. Объектілермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін тетік қарастыруды ұсынамын, – деді Оразалы Ержанов. «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова заң жобасын қолдап, Парламент жанынан заңсыз сатып алынған мүлікті қайтару жөніндегі комиссия құру керек екенін айтты. Оның құрамына халықтың сеніміне ие болған депутаттар мен қоғам өкілдері кіруі керек. Сондай-ақ ол жұмыс тобы деңгейінде сарапшылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамаға ерекше назар аударуы керектігіне назар аударды. Өйткені бұл мәселеде заңның маңызы ерекше. – Бұл – өте маңызды заң жоба. Пікірталас ашық өтіп жатыр. Оған қатысқандардың барлығына алғыс айтамын. Бүгін тағы бір қызықты диалог болды. Біз еліміздің барлық қоғамдық күштерімен жұмыс істеуге дайынбыз. Заң жобаларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды құптаймыз, – деп қорытындылады Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым. Депутаттар Қоғамдық палата отырысының қатысушыларын барлық сындарлы ұсыныстарды қарауға әзір екендіктерін айтып, заң жобалары бойынша бұл іске жұмыс топтары деңгейінде қосылуға шақырды.
_
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі

БӨЛІСУ