«Жер аманаты» республикалық комиссиясының мүшелері азаматтардың шағымын тыңдады.
Қызылорда облысында биыл «Жер аманаты» партиялық жобасы шеңберінде 200 мың гектар заңсыз немесе пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншіге қайтару жоспарлаған. Бүгінгі күні жалпы көлемі 91,1 мың гектар болатын 109 жер учаскелері мемлекетке қайтарылып, жоспар 45,5%-ға орындалып отыр. Бұл туралы партияның облыстық филиалында арнайы қоғамдық қабылдау өткізген «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері айтты.
Кеше комиссия мүшелері өңірге қарасты Сырдария, Жалағаш аудандарының Таң, Ақжарма ауылдық округтерінде болып, жергілікті тұрғындар және шаруа қожалық иелерімен кездескен болатын.
Партия алаңындағы қабыладуда «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Базарбек, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов азаматтардың шағымын тыңдады.
Қабылдауға алғаш келген қала тұрғыны Аслан Жаназаров конкурс арқылы жер алу мәселесені қатысты шағымын айтты.
«Мен конкурс арқылы беріліп жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге жыл сайын қатысамын. Дегенмен, бизнес жоспарда көрсетілген суммасы басым адам жеңімпаз болып кетеді. Сонда, ақшасы аз, жаңадан шаруашылық бастайтын азамат жер алмауы керек пе? Осы конкурс тәртібіне өзгеріс жасалса», – дейді Аслан Жаназаров.
Ал өзін «Сәуле» шаруа қожалығының жетекшісімін деп таныстырған Сәулеш Каниева болса, мемлекеттен субсидия алуға көмек сұрады.
Қабылдауға келген азаматтар саяжайлық жердің мақсатын нысаналы тұрғын үйге ауыстыру, үлестік жерді бөлудегі кемшіліктер, шаруа қожалығы төрағасын сайлау, азаматтарға тұрғын салуға берілетін жердің мерзімін ұзарту, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылып отырған жер көлемін ұлғайту секілді бірқатар мәселелерді алға тартты.
Комиссия мүшелері әрбір тұрғынның өтінішін назарға алып, заңнамалық тұрғыда кеңес берді. Кейбір мәселелерге қатысты «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, білікті заңгер Бақытжан Базарбек азаматтардың тікелей арызын алып, тиісті органдармен жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Қазір Жер Кодексіне көптеген өзгерістер енгізілгелі отыр. Бұл тұрғындардың талап тілегі негізінде болғалы тұрған өзгерсітер. Заңгер ретінде тәжірибиеден айтар болсам, азаматтардың басым бөлігінің мәселесі заңға келіп тіреледі. Сондықтан көптеген заңдардың қарапайым халыққа тиімділігі жағын қарастырып жатырмыз. Үкімет қолдап, заңнамалық өзгерістер қабылданып жатса біраз мәселе шешімін табатын болады»,-деді Бақытжан Базарбек.