Егіс науқаны – 2023: Қазақстанда картоп, қант қызылшасы және күріш дақылдары көбейді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының алдын ала қорытындылары қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев атап өткендей, биыл жалпы егіс алқабы 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға артық, оның ішінде жаздық егіс алқабы 20,9 млн гектарға жетті.
Мәселен, 15,6 млн гектар алқапқа – масақты дәнді дақылдар, 3,3 млн гектарға – майлы дақылдар, 111,4 мың гектарға – мақта, 97,3 мың гектарға – күріш егілді. Картоп егу жұмыстары толығымен аяқталды, егіс алқаптары 6,7 мың гектарға ұлғайтылып, 197,5 мың гектарға жеткізілді. Қант қызылшасының көлемі 19 мың гектарға дейін жеткізілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7,4 мың гектарға артық, егіс жұмыстары аяқталды.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен және қаржыландырумен қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб өз жұмысын жалғастырып келеді.
Қазіргі уақытта егін орағын жүргізу үшін дихандарды арзандатылған жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі модуль базасында қажетті көлемді қалыптастыру және дизель отынын сату алғаш рет электронды түрде жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде бұл жүйе арқылы 368,2 мың тонна жанармайға 28,5 мыңнан астам өтінім берілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы өтінімді қалыптастыруда, ол Энергетика министрлігіне жөнелту кестесін дайындау үшін жіберіледі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көктемгі егіс науқаны кезінде дихандарды дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген жұмыстар туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.
Премьер-Министр бүгінде науқандық жұмыстар аяқталып қалғанын атап өтті. Үкімет қаржы бөлу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін толығымен шешті. Мәселен, 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттеу және 21 млрд теңге өнімді форвардтық сатып алуға бағытталды. Дихандарға 522 мың тонна астыққа тауарлық несие берілді.
«Минералды тыңайтқыштар өндіретін отандық компаниялармен келісім-шарттар жасалып, өнімді субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ аталған субсидияларды кешіктірмей беру үшін егіс алқаптарын цифрландыру бір жылға кейін шегерілді. Біз биыл агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау жүйесін көп өзгертпей, барынша сақтап қалғанымызды атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді, экспортқа да шығарады. Атап айтқанда, биыл Қазақстан бидайы Қытайға жеткізіле бастады.
«Ауа-райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек. Бұл елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, фермерлердің агротехнологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
«Облыс әкімдері егіс алқаптарын арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бақылауға алуы керек. Сонымен қатар, өсімдіктерді қорғау жөніндегі іс-шаралар тізбесі мен субсидиялау нормативтерін бекіту керек», — деді Үкімет басшысы.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі дихандардың мәлімделген бидай көлемін «Азық-түлік корпорациясына» уақтылы жеткізу туралы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі және жыл соңына дейін алқаптарды цифрландыру бойынша қажетті шараларды қабылдауы қажеттігін атап өтті.