Армения Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Қазақстанға медициналық-санитариялық алғашқы көмек реформаларын жүргізуде тәжірибе алмасу үшін келеді.
Құрамында Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік денсаулық сақтау департаменттерінің, университеттер мен бейінді қауымдастықтардың өкілдері, денсаулық сақтау менеджерлері мен практиктері бар Армениядан келген делегацияның сапары Алматыда 12 маусымда болады деп күтілуде.
Армян денсаулық сақтау мамандары ДДҰ-ның медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету платформасының мысалында денсаулық сақтау реформаларын терең зерттеуге ниетті. Оларды отбасылық дәрігерден, психологтан, әлеуметтік қызметкерден және кеңейтілген өкілеттіктері бар мейіргерлерден тұратын көп бейінді командаға негізделген Қазақстанда енгізілген МСАК моделін егжей-тегжейлі және практикалық зерделеу қызықтырады.
Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) реформалау және адам, отбасы және қоғам деңгейінде медициналық қызметтерді тиімді ұсыну тәсілін өзгерту бойынша өңірлік көшбасшы болып табылады.
Делегация сонымен қатар созылмалы аурулардың профилактикасы мен тиімді емдеудегі кеңейтілген мүмкіндіктерге бағытталған МСАК-тың жаңа моделін құру стратегиясын зерттейді. Армения өкілдерінің сұранымы бойынша бейімделген сапар бағдарламасына МСАК-ты қаржыландыру, МСАК-тың сапасын басқару, персоналды қайта даярлау, қалалық және ауылдық ортада медициналық қызмет көрсету ерекшеліктері, инновациялық тәсілдер – телемедицина, мобилдік медициналық көмек мәселелері де кіреді.
ДДҰ-ның МСАК демонстрациялық платформасы – ДДҰ Еуропалық бюросының инновациялық өнімі екенін естеріңізге сала кетейік. МСАК-тың алғашқы демонстрациялық платформасы 2022 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Алматы облысының Есік қаласында Еңбекшіқазақ ауданаралық көп бейінді ауруханасының базасында ашылды.