Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу мәселелері және оларды шешу жолдары туралы» атты кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті. Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен өткен жиынға депутаттармен қатар Үкіметтің, республикалық және жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Олар елдегі мемлекеттік сатып алу жүйесінің мәселелерін талқылап, ұсыныстарын ортаға салды. «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Ерғали Абдураимов холдингтің еншілес ұйымдары бірқатар жоғары сапалы ветеринариялық вакциналар өндірісін әзірлеп, жолға қойғанын айтты. «Биологиялық, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір аспектісі – нарықты отандық препараттармен қанықтыру. Сонымен қатар отандық фармацевтикалық өндірушіні қолдау мақсатында оларды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету қажет. Бұл сайып келгенде отандық өндірушілердің дамуы мен қалыптасуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке салықтардың аударылуына әкеледі», – деді вице-министр. Е.Абдураимов ғылым саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнама нормаларын қолданбай сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ал Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемде үздіктер қатарында. Бүгінде мемлекеттік сатып алу веб-порталына 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі күзет қызметін мемлекеттік тапсырысқа беруді алып тастауды ұсынды. «Қазір тендерді ұтып алады да 60-70 жастағы апалар отырады. Олардың қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын шамалары жоқ. Сондай-ақ салалық сұрақтарды шешіп, нақтылы бөлсек. Мәселен, бірінде – аурухананың, бірінде – театрдың, бірінде – мектептің қажеттіліктері бар. Сондықтан бізден өндірілетін және бізге ендірілетін тауарлардың базасын жасау қажет пе, осыны қарастырсақ және делделдарға шара қолдануды бір жүйеге келтірсек», – деді Р.Зайытов. Ал депутат Елнұр Бейсенбаев мемлекеттік сатып алу бойынша азаматтарға білім беруді жүйелеу қажеттігін айтты. «Мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша әлі күнге дейін арнайы оқу жоқ. Алты айлық, бір жылдық оқуларды міндетті түрде пысықтау керек сияқты. Себебі әлеуметтік желілерде «сатып алуға қатысып, байып кете аласыз» деген сыңайдағы жарнамалар жиілеген. Олар шын мәнінде тендерді ұту үшін заңсыз әрекет ету жолын үйретеді», – деді Е.Бейсенбаев. Отырыста мәселемен нақты іс жүзінде айналысып жүрген білім беру, денсаулық сақтау, ғылыми зерттеу ұйымдарының, мәдениет және өзге сала қызметкерлері өз мұң-мұқтаждарын айтуға мүмкіндік алды. «Мемлекеттік сатып алу – күрделі сала, мәселе көп. Сондықтан шешімдерді байқап қабылдауымыз керек. Депутаттар тиісті нормаларды дайындап, Үкімет қорытындысына жібердік. Олар бойынша оң нәтиже аламыз деп үміттенемін. Өйткені бұл – елге керек шешім», – деп түйіндеді А.Аймағамбетов.
2023-06-03