Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Шиелі ауданында жұмыс сапарымен болды.

Еліміздің барлық өңірлерінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен кері байланыс орнатылуда. Халық пікірінің, өтінішінің елеусіз қалмайтынының дəлелі ретінде өңірімізде көптеген жеке қабылдаулар, түрлі акциялар өткізілуде. Мәселен, Қызылорда облысы əкімінің бастамасымен құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп, тұрғындарды қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Сонау Арал ауданынан бастау алған бұл шара бүгін міне Шиелі ауданында жалғасын тапты.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде өткізіліп жатқан жеке қабылдауға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы да қатысты. Облыс əкімі бастаған жұмысшы топ аудан халқын Мəдениет үйінде қабылдады. Полиция департаменті бастығының қабылдауына Шиелі ауданының 3 тұрғыны алдын ала жазылды. Олар кадрлық сұрақтар жəне белгілі бір қылмыстық істің тергелу барысы бойынша сұрақтарымен жүгінді.
Өз кезегінде
​Махсудхан Нұғманұлы қабылдауға келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдап, толыққанды жауап беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатын жеткізді.
Сонымен қатар, Махсудхан Нұғманұлы бүгінгі жұмыс сапары барысында Шиелі аудандық полиция бөлімінде болып, жұмыс барысымен танысты.
Полиция департаментінің бастығы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлермен жеке кездесіп, өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесудің мақсаты – полиция қызметкерлерінің жұмысын саралау.
Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында болып,нысанның материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді.
Департамент бастығы ауданның криминогендік жағдайын зерттеп, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Дәулет Беркімбаевтың жыл басынан атқарылған жұмыс, қылмыстың алдын алу, болдырмау бағытындағы шаралар бойынша есебін тыңдады. 2023 жылдың 5 айында Шиелі ауданында жалпы тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда едəуір төмендеп, ашылу көрсеткіші жоғарылады.
Жеке құраммен кездесу барысында Департамент бастығы қызметкерлерге жұмысты тәртіппен жасап, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін еске салды. Сондай – ақ, Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеке құрамының назарына жеткізді. Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесу соңында облыстың бас полицейі қызметкерлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы қызметтеріне сəттілік тіледі.

БӨЛІСУ