Сенаторлар еркін экономикалық аймақтар туралы заңды мақұлдады.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Палата депутаттары «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»заңды қарап, мақұлдады.

Заң ЕАЭО шеңберінде құқықтық негіз құрайтын халықаралық шартты жетілдіруге арналған. Атап айтқанда, Келісім арқылы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтардың жекелеген мәселелерін қосымша реттеу ұсынылып отыр. Хаттама нормаларына сәйкес еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтардың аумағы Кедендік одақтың кедендік аумағының бөлігі болып саналады. Ал порт және логистикалық АЭА шектері Кедендік одақтың кедендік шекарасы болып табылады. Бұдан басқа, еркін кедендік аймақ рәсімі қолданылатын АЭА аумағы АЭА қай мүше мемлекеттің жерінде құрылған болса, сол елдің заңнамасына сәйкес айқындалады.

Сонымен қатар сенаторлар «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл Құжат католик шіркеуі қызметкерлерінің санаттарын нақтылайды. Сондай-ақ дін қызметкерлерінің ел аумағында болуының құқықтық тетіктерін жетілдіреді.

«Былтыр елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өткені белгілі. Съезге қатысу үшін Қазақстанға әлемдік деңгейдегі дін көшбасшылары келді. Бүгін мақұлданған Қосымша келісім Рим Папасы Франсцисктің сол кездегі ресми сапары аясында жасалған болатын. Алдағы уақытта осы Құжат Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Әли Бектаев «Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» қайта қарау және қанттың баламалы, оңтайлы өндірісін енгізу қажеттігін атап өтті. Депутат мұндай қадам халықты қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз етіп, импорт деңгейін төмендетеді деп есептейді.

Андрей Лукин астық контрабандасының салдарынан ел бюджеті жүздеген миллион теңгеден қағылып отырғанын айтты. Депутат мұндай мәселені шешу үшін «контрабанда» мен «жалтару» қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін ажырату, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыру, сондай-ақ тауарлардың көлеңкелі айналымының жолын кесу бағытындағы жұмысты күшейту керектігін тілге тиек етті.

Ақмарал Әлназарова өз сауалында Алматыдағы Педиатрия онкологиялық орталығының медициналық жабдықтары әбден тозғанын айтып, дабыл қақты. Соған байланысты сенатор Үкіметті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жанындағы балалар онкогематологиясының жеке корпусын салуға және медициналық жабдықтар паркін жаңартуға қаражат бөлуді жеделдетуге шақырды.

Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының апатты жағдайына алаңдаушылық білдірді. Соның салдарынан маңайдағы елді мекендерді су басу қаупі жоғары болып отыр. Ол жерлерде 15 мың тұрғын тұратынын айтқан сенатор мәселені шешу үшін шаралар кешенін ұсынды.

Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы ауыз су тапшылығына қатысты мәселені көтеріп, Нұра су құбырын жаңғырту жөнінде ұсыныс жасады.

БӨЛІСУ